Нью-Йоркте палестиналық студент қамалғаннан кейін жаппай шеру басталды
Нью-Йорктегі Манхэттенде жүздеген адам Колумбия университетінің студенті – палестиналық Махмұд Халилді қамаудан босатуды талап етіп, шеруге шықты, деп хабарлайды 24kz.
Палестиналықты АҚШ-тың Ішкі қауіпсіздік министрлігінің агенттері 8 наурызда қамауға алды. Ол Израильдің Палестинаға қатысты саясатына және АҚШ билігінің Нетаньяху үкіметін қолдауына қарсы шерулерге қатысқан. Махмұдтың грин-картасы бар екен, енді одан айырылды. Палестиналыққа тіпті депортациялану қаупі төніп тұр. АҚШ азаматы – оның жұбайы жүктіліктің 8 айында екен. Студенттің қорғаушылары Манхэттеннің федералды сотына оны босату және елден қумау жөнінде шағым түсірген.
Габриэль Энгель, ереуілші:
- Трамп әкімшілігі ереуілшілер шеруге шыққаны үшін депортациялануы немесе қамауға алынуы керек деген шешімге келген сияқты. Бұған дейін Ақ үй басшысы сөз бостандығын қорғайтынын айтқан еді, бірақ ісі басқаша болып шықты. Бұл билік ойын ашық айту құқығын қауіп деп білетін диктатура көрінісі.