Еуропалықтар салауатты өмір салтын ұстанбайды

Еуропада өмір сүру ұзақтығының өсу қарқыны баяулады. Мұндай жағдай 14 жылдан бері жалғасып келеді. Зерттеу жүргізген британдық ғалымдар осылай деп отыр. Кәрі құрлықтағы демографиялық өзгеріске не себеп?

Еуропалықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 80 жас шамасында. 2011 жылдан бері оның өсу қарқыны баяулап барады. Мұндай жағдай зерттеуге қатысқан 20 елдің барлығында дерлік байқалған. Әсіресе Ұлыбритания мен Германиядағы ахуал қиын. Оған тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанбауы себеп. Еуропалықтар кейінгі жылдары аз қозғалып, дұрыс тамақтанай, семіздікке жиі шалдығатынын болған.

Сара Прайс, Англия ұлттық денсаулық сақтау қызметінің өкілі:

- Жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулар салдарынан өмір сүру ұзақтығының өсу қарқыны баяулады. Бұл дұрыс тамақтанбау, физикалық белсенділіктің төмендеуі және семіздік секілді түпкі себептерді жою үшін нақты қадам қажет екенін көрсетіп отыр. Сондықтан алдағы 10 жылға арналған ұлттық денсаулық сақтау жоспарына міндетті түрде осы зерттеу нәтижелерін қосамыз.

Зерттеуге қатысқан 20 елдің ішінде тек Норвегияда ғана өмір сүру ұзақтығының өскені байқалған. Мұнда тұрғындардың дұрыс тамақтануына көп көңіл бөлінеді. Керек десеңіз, қантқа, тәттілерге және сусындарға салық салынады. Бұдан бөлек, әлі 13-ке келмеген балаларға зиян тамақты жарнамалауға болмайды.

Линда Гранлунд, Норвегияның қоғамдық денсаулық сақтау саласының маманы:

- Біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарын әлі толықтай орындағанымыз жоқ. Дегенмен ондағы қантты тұтыну мөлшерін қысқарту бойынша мақсатқа қол жеткіздік.

Мәселені шешу үшін мамандар Еуропа елдерінің басшыларын ұлттық денсаулық сақтау саясатын қайта қарастыруға, экологиялық өнімдердің жарнамасын көптеп көрсетіп, қайта өңделген азық-түлікті таңбалауға шақырады. 

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиева, Дана Ермак