Қытайда жұмысшы маман жетіспейді
Қытайда жұмысшы маман тапшылығы өткір тұр.
Елде 20 миллионнан астам білікті кадр жетіспейді. Әсіресе техникалық мамандық иелері қажет. Салдарынан кейбір өндіріс орындары қиындықтарға тап болған. Қытайдың Кадр ресурстары және әлеуметтік қамтамасыз ету бюросының мәліметі бойынша жұмысшы мамандықтардың 100-ден астам түріне сұраныс жоғары. Осыған байланысты ел билігі мәселені шешуге бағытталған жаңа шараларды қолға алған. Арнайы бағдарлама аясында жыл сайын 10 миллион адам кәсіптік даярлықтан өтеді. Үкімет біліктілігін арттыруға ниетті миллиондаған азаматтың оқуын субсидиялап, тегін білім беруді көздеп отыр.
Лю Сюэцзюнь, кадр ресурстары және әлеуметтік қамтамасыз ету бюросының директоры:
-Өндіріс саласына қатысты мамандықтар аса қажет. Бірінші кезекте дәнекерлеушілерді шұғыл түрде дайындау керек. Бұл бағытта азаматтарды оқыту жөнінде тың саясат жүзеге асырылады. Алдағы 3 жылда 30 миллион маман дайындаймыз. Осы арқылы еңбек нарығындағы тепе-теңдікті қайта қалыпқа келтіруді жоспарлап отырмыз. Әуелі фабрикалар мен зауыттардың сұранысы ескеріледі.