Қытайлар өрт сөндіруге дрон пайдаланады
Қытайлар биік ғимараттарда өрт сөндірудің тиімді жолын тапты, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа тәсіл заманауи технологияға негізделген. Шұғыл әрі шапшаң әрекет етуге мүмкіндік береді. Осының арқасында тілсіз жауды оқшаулауға кететін уақытты екі есеге азайтып отыр. Кәсіби дрондар Фучжоу қаласында сынақтан өтті.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайлар өрт сөндіру ісіне дрондарды икемдеп жатыр. Әсіресе, елдің ірі мегаполистерінде жиі қолданыла бастады. Сынақ кезінде биіктігі 110 метрлік ғимараттың төбесіне от қойып мүмкіндіктері тексерілді. Шланг жалғанған әуе құралдары өрт ошағына небәрі 20 секундта жете алады. Ал аумағы 500 шаршы метр болатын қызыл жалынды 30 минутта сөндірген. Мамандардың айтуынша, бұл дәстүрлі әдістен 2 есе жылдам көрсеткіш.
Ма Юйчунь, Қытай Ұлттық өрт сөндіру және құтқару басқармасының бөлім командирі:
- Апатты жағдай кезінде бақылау жүргізіп, өрт деңгейін талдауға болады. Дрондарды жердегі құтқару тобымен интеграциялаудың арқасында жұмыс нәтижелілігі айтарлықтай артты. Бұл құтқару операцияларын тиімді жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Өрт ошағына еш кедергісіз жете алады. Ең бастысы, қауіпсіз.
Ұлттық өрт және құтқару басқармасының мәліметіне сәйкес өткен жылы Қытайда жалпы саны 900 мыңнан астам өрт тіркелген. Оның 40 мыңға жуығы биік тұрғын үйлерде болыпты. Салдарынан 2 мыңнан астам адам көз жұмып, 2600-ге тарта адам жарақат алды. Кейінгі кездері елде орман және дала өрті де жиілеген.
Сунь Ци, орман өртіне қарсы жасақ жетекшісі:
- Дрондар жұмысты әлдеқайда жеңілдетті. Бұрын орманшылар патрульдеу жұмыстарын жаяу немесе көлікпен жүріп істейтін. Ал табиғи апат кезінде арнайы шақыртумен әуеге вертолет көтерілетін. Қазір оны термографиялық бейнекамералармен жарақтандырылған дрондар 24 сағат бойы атқарады. Ең бастысы, өрт ошағын бастапқы кезеңде анықтап, дабыл береді.
Жалпы Қытайда аса қауіпті апат болған жерге адамның орнына алдымен дрон, роботтар жіберіледі. Жасанды интеллект арқылы басқарып талдау жасалады. Осы арқылы құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің қызметтегі тәуекелін азайтуға ерекше мән беріліп отыр.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын