Әлем елдерінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдай жасалған?

Қазір әлем халқының 20%-ке жуығы мүмкіндігі шектеулі жандар санатына кіреді. Сандарды сөйлетсек, бұл 1 млрд 300 млн адам екен.

Айталық, Үндістан мен АҚШ-та халықтың төртен бір бөлігі жарымжан жандар болса, Германия мен Ұлыбритания халқының 10%-і мүмкіндігі шектеулі жандар қатарына кіреді . Жалпы қазір әлемде мүгедек жандарды жұмыспен, үймен қамту, әлеуметтік қызмет көрсету жағы қалай?

АҚШ-та жарымжан жандарға арналған әлеуметтік қызмет түрі қысқармақ. Бұрын кемтар жандар әрі-бері сабылмай, жәрдемақыны телефон арқылы рәсімдейтін. Дональд Трамп әкімшілігі қызметтің бұл түрін тоқтатпақ. Енді мүмкіндігі шектеулі жандар мәселені шешу үшін кеңсеге арнайы баруы тиіс. Бұл, әсіресе, арбаға таңылғандар үшін қолайсыз. The Washington Post басылымының дерегінше, осыған дейін 73 млн адамның өтініші телефон арқылы қаралыпты. Дональд Трамп мемлекет шығынын барынша азайтпақ. Алайда Ақ үй қожайыны: «Елдің әлжуаз тобы биліктің назарында болады, әлеуметтік шығындар қысқармайды», - деген болатын. Бірақ іс жүзінде әзірге олай болмай тұр.

Германияда мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз баспана алуына жағдай жасалмаған

Ал, Германияда мүгедектердің кедергісіз баспана алуына жағдай жасалмаған. «Себебі соңғы 20 жылда бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жүзеге аспады», - дейді билік басындағылар. Мұнда жылына 100 мың тұрғын үй салу жоспарланған. Алайда баспаналы болып жатқан мұқтаж жандардың саны әзірге 40 мыңға да жетпейді. Ал, мемлекеттен тегін үй алуға үмітті жандардың қатары күн санап артып келеді. Қазір жарты миллиондай адам баспана кезегінде тұр. Атай кетейік, Германия халқының 10%-і мүмкіндігі шектеулі жандар санатында.  

 

Еуроодақта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған тұрақ картасы қолданысқа енгізілмек

Ал, Еуроодақ елдерінде мүмкіндігі шектеулі жандардың сапарға шығуы мейлінше жеңілдейді. Мұнда кемтар жандарға арналған тұрақ картасы қолданысқа енгізілмек. Жоба іске қосылмас бұрын Германия, Франция және Словения секілді 7 бірдей елде сынақтан өтті. Тұрақ картасының артықшылығы сол – ол Еуроодаққа мүше барлық елде жарамды. Яғни, кемтар жандар 27 елдің қайсысына сапарласа да, бұрынғыдай өзінің мүгедек екенін дәлелдеп, қиналмайды. Қоғамдық көлікпен тегін жүріп, мәдени орындарды еркін аралауға құқылы. Айта кетейік, Еуроодақта 100 млн адам мүмкіндігі шектеулі жан ретінде танылған.

Авторы: Зайнұр Байжігіт