Новруз-Байрам: Әзербайжанда мереке қалай тойланады?
Табиғат түрленіп, тіршілік жаңаратын мерекені әзербайжандықтар да сән-салтанатымен атап өтіп жатыр. Новруз-Байрам деп аталатын ұлы мейрамда ұлттық ойындар ойнатылып, салт-дәстүр қайта жаңғырады.
«Новруз-Байрам» – Әзербайжан халқының ең сүйікті мерекесі. Кешкісін барлық аулада «Тонғалы» деп аталатын мерекелік от жағылады. Үлкені де, кішісі де сол жалыннан секіріп, тілек білдіреді. Жергілікті халық бұл дәстүр өткен жылдағы барлық сәтсіздіктер мен ауру-сырқаудан арылуға көмектеседі деп сенеді.
Сауалнама:
- Наурыз – менің сүйікті мерекем. Әжем үнемі іштей тілек тілеп, оттың үстінен секіріп өту керек деп айтып отырады. Сонда тілегеніңнің барлығы орындалады дейді.
- Бұл мерекеде маған қатты ұнайтын дәстүр – есік алдына бас киім лақтыру. Бұл өте қызықты.
Наурыз мерекесіне әзірлік Әзербайжанда 4 апта бұрын басталады. Аптаның әр сейсенбісінде табиғаттың төрт түрлі күші су, от, жел мен жерге арналған дәстүр-жоралғылар жасалады. Әр шаңырақта дастарқан жайылып, тәттілер, жаңғақ, кептірілген жеміс пен боялған жұмыртқа сияқты түрлі дәм ұсынылады. Тағы «сәмені» деп аталатын бидайды арнайы ыдысқа сеуіп, көгерту дәстүрі бар. Бұл молшылық пен жаңа өмірдің бастауы. 20 наурыздан 21-не қараған түні тұрғындар сәттілік, байлық және махаббат жайлы болашаққа болжам жасайды.
Ляман Гасанова, фольклорист, ғылыми қызметкер:
- Мысалы, шамдармен бал ашу. Қызды айнаға қарама-қарсы отырғызып, алдына екі шам қояды. Сол шамнан көрінген көлеңке арқылы қыздың болашағын болжауға болады. Егер ер адамның бейнесі көрінсе, демек бойжеткен биыл отбасын құрады. Тағы аяқ киім арқылы бал ашу рәсімі бар.
Мереке қарсаңында әр сейсенбі сайын бас киімді есікке қарай лақтыру әдетке айналған. Үй қожайыны оны тәттілермен толтырып қояды. Бас киімде тәтті қаншалықты мол болса, сол жылы тоқшылықта өмір сүреді деп сенеді.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Эсли Назарова