Түркияда 1400 ереуілші қамауға алынған

Түркиядағы наразылық акциялары толастар емес.

Шерулер бүгін де жалғасып жатыр. Түркияның негізгі оппозициялық партиясының жетекшісі Өзел наразылық шерулері  кезектен тыс президенттік сайлау өткенге дейін жалғасатынын мәлім етті. Президент Ердоған халық арасында араздық тудырғандардың заң алдында қатаң жауап беретінін тағы да еске салды. Ал сарапшылардың сөзінше, Түркия Орталық банкінің резерві үш күнде шамамен 27 миллиард долларға  азайған. Бұдан бөлек ішкі істер министрлігінің мәліметінше, наразылық  басталғалы 1418 күдікті тұтқындалып, 123 қауіпсіздік сақшысы жарақат алған.

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Бұдан былай түрік экономикасына, ұлттың әл-ауқаты мен тыныштығына қарсы жасалған кез келген әрекетке сот арқылы баға беріледі. Отанға опасыздық жасап, ұлт бірлігіне сызат түсіргендер әділет алдында жауап береді. Бұл реваншизм емес. Ұлт болып ұйысудың, мемлекетті сақтап қалудың негізгі шарты.

Өзгүр Өзел, республикалық халық партиясының жетекшісі:

- Полиция шерушілерге қарсы күш қолданатын болса, мэрия алдына жарты миллион адам жинаймын. Сонымен қатар жаңа митинг 29 наурызда түстен кейін Ыстамбұлдың азиялық бөлігіндегі Малтепе ауданында өтетінін мәлімдеймін. Ол жерде мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы талабымызды қайта қоямыз.