Ыстанбұлда жүздеген мың адам тағы шеруге шықты
Ыстанбұлда 100 мыңнан аса адам тағы шеруге шықты. Қамауға алынған қала мэрі Экрем Имамоглудың жақтастары оны босатуды және тез арада сайлау өткізуді талап етті. Белсенділер: «Мұндай ереуілдер енді әр сенбі түрлі қалада өтеді», – дейді. Олар биліктің жиналуға салған ресми тыйымына қарар емес.
Ыстанбұлдың экс-басшысы Экрем Имамоглу 19 наурызда қамауға алынған болатын. Оған жемқорлық ісі бойынша айып тағылған. Содан бері Түркияда наразылық шаралары өтіп жатыр. Кей жерде шерулер полициямен қақтығысқа ұласқан. Бүгінге дейін 2 мың адам қамауға алынды.