Барселонада баспана қымбат

Барселонада үй алу қиын.

Тірнектеп ақша жиғандар бағаны қуып жете алмай әлек. Өйткені қалада үй бағасы жылдан жылға қымбаттайды. Кейінгі он жылда екі есе өскен.

Билік бұл мәселені шешу үшін пәтерді қысқа мерзімге жалға беру ережесін қатаңдатты. Ал жұрт көбіне кооперативтік үйлерді жағалайды. Өйткені оны кейін сатып алуға болады.

Испанияда 10 жыл бұрын жалға берілетін пәтердің бір шаршы метрі біздің ақшамен 3700 теңге болса, қазір 7 мыңға жуықтайды. Мадрид, Барселона секілді ірі шаһарларда тіптен шарықтап тұр. Мұнда баға 2 есе жоғары. Сонда қалада 75 шаршы метрлік пәтерді жалдап тұру үшін бір миллион теңгедей төлеу керек. Бәріне қымбатшылық себеп. Сосын шетелдіктер тарапынан сұраныс жоғары. Бұдан әсіресе жергілікті жастар қиналады. Содан 18 бен 34 жас аралығындағы азаматтардың үштен екісі ата-анасымен бірге тұруға мәжбүр. Ашуға булыққан испандықтар қайта-қайта ереуілдер ұйымдастыруда.

Мария дель Кармен Арнедо, ереуілге қатысушы:

"Мына жағдай тұрғындарды әбден қажытып тастады. Бізді қойшы, балаларымыз бен немерелерімізге обал. Олар өздерін тәуелсіз сезіне алмайды. Өйткені бөлек шығып, пәтер жалдап тұра алмайды".

Барселона тұрғындарының арасында кооперативтік үйлерге сұраныс артып барады. Мынау соның бірі. Ғимаратта 32 отбасы тұрады. Олар кейін бұл пәтерлерді сатып ала алады. Бірақ басқа біреуге сатуға рұқсат етілмейді.  Арзан баспана тұрғындары бұл жерде  тек ақша үнемдеп қана қоймай, қоғамда қарым-қатынас орнатуды да үйренеді.

Анжела Гарсиа, мұғалім:

"Бұл бөлмеде үстел мен ас үйге қажеттінің бәрі бар. Мұнда қоғамдық жиналыстар өткіземіз. Әр тұрғынның жеке ас бөлмесі бар. Дегенмен, біз көршілерімізбен бірге ас әзірлеп, бірге тамақтанғанды жөн көреміз".

Билік мәселені реттеу үшін биылдан бастап Испанияда пәтерді қысқа мерзімге жалға беру ережелерін өзгертті. Енді үй иесі мұндай хабарлама бермес бұрын ұлттық деректер қорында тіркеліп, рұқсат алуы керек. Сонымен қоса пәтерді жалдап тұратын адамдар туралы мәліметті де жария етуге міндетті. Бұдан бөлек, үйін қысқа мерзімге жалға беретіндер үшін қосымша құн салығын 10 пайызға дейін көтеріп, қонақ үйлердің салық деңгейімен теңестіру бастамасы қарастырылып жатыр. 

Жулдыз Атагельдиева