АҚШ-та жүрген шетелдік мамандар болашағына алаңдаулы

Кремний алқабындағы ірі технологиялық компанияларда жұмыс істейтін шетелдік мамандар арасында депортацияға қатысты үрей күшейген, деп хабарлайды 24kz.

Оған Дональд Трамптың көші-қон саясатын қатаңдатуы себеп. Жыл сайын технологиялық алпауыттар мыңдаған шетелдікті жұмысқа алады. Көбі Қытай мен Үндістан азаматтары. Қазір ірі корпорациялар өз қызметкерлеріне АҚШ аумағынан кетпеу туралы ескерту жіберген.

«Өйткені қайтадан елге кіре алмай қалуы мүмкін», - дейді. Жақында Дональд Трамп әкімшілігі 500 мыңнан аса адамды заңды мигрант мәртебесінен айыратынын жария етті. 2022 жылдан бері Куба, Гаити, Никарагуа мен Венесуэла азаматтарына Америкада уақытша тұрып, жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін бағдарлама бар болатын. Бірақ Ақ үй әкімшілігі оны жауып тастады. Енді заңды мигранттар АҚШ аумағында жүруіне рұқсат беретін құжаттың мерзімі аяқталмаса да, 24 сәуірге дейін елден кетуі тиіс.