АҚШ Қытайға 34% баж салығын енгізді. LIVE

Қытай Трамптың бұл шешімін қатаң айыптап отыр. Көрші ел АҚШ президентін  Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаларын бұзды деп санайды. Енді Ақ үй қожайынын райынан қайтуға шақырып, ескерту жариялады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қытай мен АҚШ арасындағы текетірес бұған дейін басталып кеткен. Трамп таққа жайғасқалы импорт тауардың баж салығын үсті-үстіне еселеп, Қытайды қыспаққа алумен келеді. Сондықтан Трамптың шешімі Қытайда аса бір жаңалық болмай тұр. Дегенмен елдің Сыртқы істер министрлігі заңды құқығын қорғауға қажетті шара қолданылатынын мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін Ақ үй «Қытай есірткі айналымын дұрыс қадағаламай отыр» деген желеумен тарифті бірнеше рет көтерген болатын. Қытай билігі де қарымта есебінде АҚШ-тан кіретін ауыл шаруашылығы мен теңіз өнімдеріне салықты 10-15%-ке көбейту туралы жарлық шығарған еді. Енді Трамптың жаңа тариф саясатына сай АҚШ Қытайдан әкелінетін тауарларға қосымша 34% баж салығын енгізеді. Оған жыл басынан бері енгізілген тарифті қосқанда 54%-ке жетіп отыр. Қытай серіктес ел билігінің бұл әрекетін халықаралық сауда ережелеріне қайшы және мүдделі тараптардың заңды құқықтарын өрескел түрде бұзды деп айыптап отыр.

Го Цзякунь, Қытайдың СІМ ресми өкілі:

- АҚШ-тың бұл әрекеті Дүниежүзілік сауда ұйымы ережесіне қайшы. Әлемдік жүйеге негізделген сауда тізбегі өрескел бұзып отыр. Қытай заңды құқығын қорғау мақсатында қажетті қарымта іс-шара қабылдайды. Сауда соғысында жеңімпаз болмайды, ал протекционизм тек тығырыққа тірейді.

Қытай Американы өз қателіктерін түзетіп, біржақты тарифтік шаралардан дереу бас тартуға шақырады. Алауыздықтарды шешу үшін сауда серіктестерімен тең құқылы диалог құру арқылы шешуді жөн санайды. Қытайдың Сауда министрлігі де бұл шешімге қатаң қарсылық білдіретін мәлімдеді. Ресми өкіл тарифтерді көтеру АҚШ-тың ішкі мәселесін шеше алмайтынын, керісінше, елдің ұлттық мүддесіне зиянын тигізіп жаһандық тұрақтылықты бұзады деп отыр. Қалай болғанда да, «айтқанға көніп, айдағанға жүретін» Қытай емес. Есе қайтарамыз деп отыр. Ол қандай жолмен жүзеге асырылады енді жағын уақыт көрсетеді.