Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль отставкаға жіберілді. LIVE
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль отставкаға кетті, деп хабарлайды 24kz.
Мұндай шешім бүгін елдің Конституциялық соты бірауыздан қабылдады. Естеріңізге салайық, экс-президент былтыр желтоқсанда қысқа мерзімді әскери жағдай енгізгені үшін қызметінен шеттетілген болатын.
Қазір Сеулдегі жағдайды Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшіміз Владислав Цой бақылап отыр.
Жүргізуші:
- Конституциялық сотта дауыс беру қалай өтті? Енді Юн Сок Ёльдің жайы не болмақ және президент сайлауы қашан өтеді? Импичментке байланысты Оңтүстік Кореяда қандай қауіпсіздік шаралары қабылданды? Конституциялық сотта дауыс беру қалай өтті?
Владислав Цой, тілші:
- Конституциялық сот отырысын бүкіл ел тікелей эфир арқылы қарады деп айтуға болады. Себебі бұл шешім тек Президенттің тағдырына емес, жалпы Оңтүстік Кореяның қай жолмен жүретініне әсер ететін маңызды сәт болды. Үкімді сот төрағасының міндетін атқарушы Мун Хён Бэ оқыды. Ол судьялардың бірауыздан Юн Сок Ёльге импичмент жариялағанын мәлімдеді. Экс-президенттің қарсыластары бұл шешімді «халықтың жеңісі» деп бағалады. Ал Юнның жақтастары бұл шешімге көңілі толмай, наразылық білдірмек ниетте.
Юн бірден биліктен шеттетілді. Соттың шешіміне сәйкес экс-президент әскери жағдай енгізудің заңды талаптарын орындамаған әрі парламенттегі жарлықты кері қайтаруға жол бермеу үшін әскер кіргізген. Заң бойынша кезектен тыс президент сайлауы 60 күннің ішінде өтуі тиіс. Яғни, бұл маусым айында өтеді деген сөз.
Иә, сот шешімімен келіспейтін билеуші партия мүшелері мен экс-президенттің жақтастары жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруы мүмкін деген болжам бар. Сол себепті Конституциялық сот орналасқан ауданды 7500 полиция қызметкері күзетіп тұр. Тағы 3500-ге жуық тәртіп сақшысы Юнның резиденциясы орналасқан Ханнам-дон мен Парламент орналасқан Ёыйдо аудандарында қызмет етуде. Бұл жерде оппозициялық партия мүшелері митингке қатысып жатыр. Кеше Сеулдегі Қазақстан елшілігі Оңтүстік Кореяда жүрген отандастарымызға сақ болуды, митинг өтіп жатқан жерлерге бармауды ескертті. Ал шетелдік журналистерге осындай арнайы танымдық белгі берілді. Мұнда менің Қазақстан журналисі екенім көрсетілген. Адамдар көп жиналған аймақтарда қоғамдық көлік қозғалысы шектелген. Конституциялық сотқа жақын станцияда пойыздар тоқтамайды.