Кореяда «ақылды қоқыс жәшіктері» орнатылған

Тынық мұхитының түбінде бір жарым миллион шаршы шақырым аумақта пластик қалдықтар жатыр.

Бұл Франция территориясынан 3 есе көп. Ғалымдар дабыл қағуда. Өйткені әр минут сайын адамдар миллионға жуық пластик шөлмек сатып алады. Сонымен қоса 5 триллион пакет қолданады екен. Әлем елдері қоршаған ортаның ластануымен қалай күресуде? 

2050 жылы Оңтүстік Кореяда пластик қалдық болмайды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін мұнда жасанды интеллект негізіндегі қоқыс контейнерлер орнатылған. Технология елде өндірілетін пластик шөлмектердің барлығын тани алады. Сөйтіп түскен пластикті ыстық сумен жуады да, оны ұсақтап тастайды. Шамамен жарты сағаттан кейін ол түйіршіктерге айналады. Кейін олар талшықтар өндірісіне жаратылады. Мұндай аппарат айына 600 келіге дейін пластикті қайта өңдей алады. Қазір Оңтүстік Корея бойынша мыңнан аса осындай контейнер орнатылған. Тұрғындарды "ақылды жәшіктерді" пайдалануға ынталандыру үшін билік ұпайлар жүйесін енгізген. Пластик қалдықтарды тапсырғаны үшін олар бонус жинап, кейін оны ақшаға айырбастай алады. 

Еуроодақта бір реттік пластик ыдыс өндірілмейді 

- 2021 жылдан бері Еуроодақта бір реттік пластик ыдыс-аяқ өндірісіне тыйым салынған. Мұнда полиэтилен пакеттерін де табу қиын. Орнына тұрғындар өзімен бірге көп реттік қолдануға арналған сөмкелерді алып жүреді. Қоқысты сұрыптауға тұрғындар ақылмен қарайды. Мысалы, Германияда әр үйде кемі 4 контейнер болады. Сонда тұрғындар қағаз, пастик секілді қалдықтарды жеке-жеке тастайды. Зиян материалдан жасалған шөлмектер супермаркеттерде орнатылған арнайы автоматтарға тапсырылады. Қоқысты дұрыс сұраптамағандар айыппұл арқалауы мүмкін. Оның мөлшері 500 еуроға дейін, демек біздің ақшамен 300 мың теңгедей. 

Мексикада пластиктен отын алынады

Мексикалық өнертапқыштар пластикті отынға айналдыратын қондырғы жасап шығарды. Қоқыстың бір жарым тоннасынан 1350 литр отын алуға болады. Дайын өнім жергілікті өрт сөндіру қызметіне төмен бағамен сатылады. Бұдан бөлек Мексика қалаларында қалдықтарды қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Олар өз тиімділігін көрсеткен. Өйткені статистикаға сүйенсек, елде пластик қалдықтарының жартысынан астамы қайта өңделеді.

Дана Ермак