Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде. Адам дерт меңдегенде өмірдің қадірін түсінеді. Сол кезде дәрігерден көмек күтеді.

Әуелгі байлық -денсаулық! Бүгін – Дүниежүзілік денсаулық күні. Дәл осы күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрылған. 

Алдыңғы шепте жүретін ақхалаттыларға адамзат әлі де зәру. Жаһанның біраз аймағында дәрігер жетіспейді. Ақхалаттылардың саясатқа, соғысқа еш қатысы жоқ болса да, оларға шабуыл жасау деректері жиілеген. Соның кесірінен медицина қызметкерлері арасында өлім деңгейі артты.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Денсаулықтың қадірін ауырғанда білсек, дәрігердің қадірін қиналғанда білеміз. Десе де, біраз елде дәрігер жетіспейді. Ол аздай, оларды қорлап, азаптау деректері тыйылмай тұр.

Әлемде дәрігер тапшы. Жер бетіндегі халықты тұрақты денсаулық сақтау қызметімен қамтамасыз ету үшін шамамен 6,4 млн медициналық қызметкер қажет. Medical Economics басылымы осылай дейді. Олардың айтуынша, маман жетіспеушілігі 132 елде байқалады. Әсіресе, Оңтүстік Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Азияда, сондай-ақ Африка мен Сахарада, Таяу Шығыста дәрігер тапшы. Басылым келтірген мәліметке сүйенсек, медбике, стоматолог дәрігер мен фармацевтер жетіспейді. 

 

Әлемде дәрігер тапшы

132 елге 6,4 млн дәрігер қажет

Оңтүстік Азия – 2,5 млн

Оңтүстік-Шығыс, Шығыс Азия – 1 млн

Африка – 1,9 млн

Таяу Шығыс – 700 мың

Қақтығыс құрбанына айналған ақхалаттылар

Газа секторында маман тапшылығы қатты байқалады. 18 айдан бері жалғасып жатқан қақтығыс салдарынан жүздеген дәрігер бас амандығын ойлап қонысын тастап кеткен. Кейбірі көмекке мұқтаж тұрғындарға қызмет көрсету үшін аймақта әлі күнге жұмысын жалғастырып жүр. Жалғастырып жүр деген аты ғана. Бір емес, бірнеше адамның міндетін атқарып, өлместің күнін кешіп жүр. Сорақысы, онсызда өңірге жетпей жатқан жүздеген маманды Израиль әскері ота үстінде кісендеп, тұтқынға алып кеткен. Оларға көрсетпеген қорлығы жоқ. Айлар бойы азаптап, ұрып-соғып, зорлап, ас-сусыз қалдырған.

Иссам Абу Аджва, дәрігер:

- Ота жасау кезінде есікті теуіп кірген әскер бірден менің көзімді байлап, кісендеп, жүк көлігіне отырғызып алып кетті. Көзімді ашсам, Израильдің тергеу изоляторынан бір-ақ шығыппын. Айлар бойы тергеу барысында бізге адам емес, малдан бетер қарым-қатынас көрсетті. Жерге жатқызып қойып, басымызды тепкіледі, құлағыма бір шелек су құйып, әбден азаптады. Сорақысы, лас әжетхана щеткасын аузымызға дейін тығып, тісімізді біртіндеп сындырды.

Айтуға ауыз бармайтын әбес әрекет жасаған израильдіктердің қорлығына көбі шыдас бермей көз жұмған. «Рейтер» агенттігі келтірген дерекке сүйенсек, қақтығыс басталғалы 300-ге жуық медицина қызметкері қаза тапты. Олардың көбі – дәрігер мен медбике.

Джульетта Тума, Палестиналық босқындарға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ агенттігінің өкілі:

- Газа секторы әлеуметтік қызметкерлер үшін ең қауіпті аймаққа айналды. Олардың арасындағы өлім-жітім көрсеткіші әлем бойынша ең жоғары деңгейде. Қазір қаза тапқан медицина мамандарының саны 284-ке жетті.

 

Сирияда 13 жылда мыңға жуық дәрігер қаза тапты

Сирияда да медицина қызметкерлерінің құқы жиі тапталады. Өзгеге көмек көрсетемін деп өз өмірін құрбан еткен дәрігерлер де аз емес. 13 жылға жуық жалғасқан аймақтағы қақтығыс салдарынан дәрігерлер жиі зорлық-зомбылыққа, қудалауға, азаптауға ұшырады. Шабуыл кезінде 1 мыңға жуық медицина маманы қаза тапқан. Көбі соғыс кезінде бас амандығын ойлап өзге өңірлерге көшіп кеткен. Сириялық дәрігерлердің біразы қазір Германияда еңбек етіп жүр. Башар Асад билігі құласа да, олардың аймаққа қайтқысы жоқ. Medglobal келтірген дерекке сүйенсек, Сирияда дәрігерлердің жалақысы бар-жоғы 25 доллар. Бұл – біздіңше 12 мың теңге. Азғантай ақшаға өмір сүру өте қиын. Сол себепті Сирияда қазір маман тапшы.

Нэнси Фейзер, Германияның ішкі істер министрі:

- Мұнда жұмыс істеп жатқан сириялық медицина мамандары елімізді тастап кетсе, денсаулық сақтау саласы тұралап қалады. Олардың осында қалып, қызметін жалғастыруы үшін жағдай жасауымыз қажет. Бұл біздің экономикамыз үшін өте маңызды.

 

Австралияда дәрігерлер жаппай жұмыстан шығып жатыр

Австралияның Оңтүстік Уэльс штатында құқы тапталған мыңдаған дәрігер шеруге шықты. Әлеуметтік қызметкерлер аймақ тарихында алғаш рет үкіметке наразылық танытып отыр. Олардың бұлай әрекет етуіне жалақының аздығы мен құқының қорғалмауы себеп. Соның кесірінен өңірде науқастар алдын ала жоспарланған отасын жасата алмай отыр. Тіпті Сиднейдегі психиатриялық клиникалардың бірінде дәрігерлер жаппай жұмыстан шығып кеткен. Салдарынан клиника жұмысын тоқтатты.

 

Болашақта дәрігерді ЖИ ауыстырады  

Әлем елдері «дәрігер жетіспей жатыр» деп дабыл қағып жатыр. Дегенмен, алдағы онжылдықта медицина мамандары қажет болмай қалуы мүмкін. Өйткені олардың орнын жасанды интеллект басады. Сөйтіп, маман тапшылығы мәселесі біржолата шешіледі. Microsoft компаниясының құрылтайшысы Билл Гейтс NBC арнасына берген сұхбатында осылай деді. Оның айтуынша, науқасқа диагностика, ота жасау сияқты дәрігер атқаратын қызметті жасанды интеллектіге негізделген технология жүзеге асырады. Тіпті емі табылмаған ауруларды инновацияның көмегімен емдеп жазуға болады.

Билл Гейтс, Microsoft компаниясының құрылтайшысы:

- Әлем жаңа дәуірге аяқ басты. Заман жылдам өзгеріп жатыр. Соның арқасында жасанды интеллект біраз салада көмек көрсете алатын деңгейге жеттік. Ойлау әрине, қорқынышты. Дегенмен, бұл – ақиқат.

Технология тірлікті атқара алғанымен, науқаспен тілдесетін оның тілі жоқ. Ал дәрігер науқасты шипалы қолымен ғана емес, мейірімді сөзімен де емдейді. Сол себепті алдағы он жылда 10 млн-ға жуық медицина маманы қажет болады. ДДСҰ осылай деп отыр. Демек, заман дамыса да, қоғамға бәрібір дәрігер керек.