Әлем елдері буллингпен қалай күреседі?

Әлемде жыл сайын 246 миллион бала мен жасөспірім буллинге ұшырайды. Бұл ЮНЕСКО мәліметі.

 «Ең ауыры мектептегі әлімжеттік», - дейді мамандар. Әлем елдері буллингке қарсы сан алуан амал қолданады. Ол қандай амалдар?

Грекияда буллинг туралы хабарлайтын жүйе іске қосылды

Грекияда әр үшінші бала қатарласының мазағына ұшырайды. Елдегі «Баланың күлкісі» ұйымы осындай мәлімет келтіреді. Полицияның 2021 жылғы мәліметі бойынша бұл елде күн сайын зорлық-зомбылықтан 1 бала құрбан болып отырған. Билік мәселемен күресіп әлек. Былтыр үкімет деңгейінде арнайы ғылыми комиссия құрылды. Мақсаты буллингпен күресудің ұлттық стратегиясын құру. Білім министрлігі оқушылар мен мұғалімдер мектептегі немесе отбасындағы зорлық-зомбылық туралы анонимді түрде хабарлайтын жүйе жасады. Сондай-ақ балаларға сабақ кезінде телефон ұстауға тыйым салынған. Смартфондар сөмкеде болуға тиіс. Олардың төтенше жағдайда немесе мұғалімнің рұқсатымен оқу үшін пайдалануға болады. Бұдан бөлек, білім ордасында фото, бейнежазба жасауға шектеу бар. Бұл ережелерді бұзғандар мектептен шығарылады.

Швеция заңдары буллингке жол бермейді

Швеция да буллингге қарсы жүйелі күрес бастаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі. 1979 жылдан бері «Білім туралы» және «Кемсітушілікке тыйым салу» туралы 2 заң жұмыс істейді. Бұл құжаттар бойынша оқу орнының басшылығы балаға құрмептен қарайды және ол ешқандай қысымға ұшырамайды дегенге кепілдік береді. Мұны бақылайтын арнайы мектеп инспекциясы бар. Олар барлық арызды май шаммен қарауға міндетті. Оларға буллингке ғана емес, сондай-ақ мұғалімнің бұрыс мінез-құлқы туралы да шағымдар түседі. Швецияда 6 сыныпқа дейін баға қойылмайды. Баланың мінез-құлқы мен үлгерімі әрқашан ата-анамен бірге талқыланады.

Австралияда жасөспірімдердің әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу енгізілген

Австралияда жасөспірімдерге 16 жасқа дейін әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынған. Бұл заңды парламент былтыр қарашада қабылдады. Құжат бойынша халықаралық интернет провайдерлер жасөспірімдердің жеке есебін жауып тастауы керек. Ережені бұзғандарға кемінде 30 миллион доллар айыппұл салынады. Авторлар: «Бұл шектеу балаларды психологиялық қысым көрсетуден қорғайды», - дейді. Швецияда балалар буллинг тақырыбын кеңінен талқылап отырады, қойылымдар қояды, тренингтерге қатысады.

Авторы: Ернат Рахметолла