Британиялықтар II Дүниежүзілік соғыста құрастырылған пойызды қалпына келтірді

Ескінің көзіндей отарба сұрапыл соғыс жылдары майданға жауынгерлер мен әскери техника және азық-түлік жеткізіп отырған.

Ең қызығы, тарихи пойызды жөндеп жолға шығарған өзге біреулер емес, әу баста дәл осы отарбаны құрастырған инженерлер мен жұмысшылардың ұрпағы екен.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде құрастырылған бұл пойыз араға 14 жыл салып, күрделі жөндеуден өткеннен кейін рельске қайта тұрды. Ұлыбританияның оңтүстік-шығысындағы Элресфорд қаласынан көрші жатқан Элтонға жол тартты. Ұзақ жыл үзілістен кейін алғашқы сапарына аттанған отарбаға оны құрастырып шығарған инженерлердің ұрпақтары мінді.

Стивен Уилсон, зейнеткер:

- 1941 жылы  ер адамдардың көбі майданға аттанған еді. Сондықтан, пойызды құрастыруға әйелдер қатысты. Олардың қатарында менің марқұм анам да бар еді. Бүгін 14 жылғы еңбектің нәтижесін көріп, қуанып тұрмын.

Canadian pacific пойызының атауы Атлант мұхиты арқылы Ұлыбритания мен Канада арасын  байланыстыратын су  жолының құрметіне қойылған. Сұрапыл соғыс жылдары осы су жолдары арқылы Англиядағы майданға әскери техника мен күнделікті керек-жарақ жеткізілетін.

Ребекка Дэлли, Watercress Line  темір жолының бас директоры:

- 1941 жылы Британия жаудың қоршауында қалды. Бірақ бізге азық-түлік пен қару-жарақ жеткізуде теңіз компаниялары көмектесті. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары жаңа локомотив шығару өте қиын еді. Мұның маңыздылығын түсінген инженер-механик Оливер Буллид үкіметті осындай жобаны жүзеге асыруға көндіре білді.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әскери пойыз жолаушылар тасымалымен айналысқан. 2008 жылы қолданыстан шыққан отарба енді туристтік бағытта қатынайды.  Өйткені болашақ ұрпақтың пойыз тарихынан тағылым алуы аса маңызды, - дейді жоба авторлары.