Оңтүстік Корея қор нарығы 5,5%-ға құлдырады. LIVE
Оңтүстіккореялық акциялар осы аптаны 5,5%-дан астам құлдыраумен бастады. Қор нарығында инвесторлар арасындағы жаһандық сауданың ушығуы мен АҚШ президенті енгізген тарифтерге байланысты дүрбелең басталды. Корея ұлттық валютасы АҚШ долларына қатысты ең төмен деңгейге дейін құнсызданды.
Владислав Цой, тілші:
- Кеше KOSPI – Корея қор биржасының негізгі индексі 137 пунктіге немесе 5,5% төмендеді. Осыдан кейін биржа операторы сауданы уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Құлдырау инвесторлардың акцияларды жаппай сата бастауына байланысты болды. Олар Президент Трамп әкімшілігінің қарсы баж салығын енгізуінен кейін рецессия басталады деп қауіптенеді. Сонымен қатар Қытай билігінің АҚШ тауарларына 34%-дық баж салығын және сирек кездесетін металдарға экспорттық шектеулер енгізуі де әсер етті. Көптеген ірі компаниялардың акциялары бір жыл ішіндегі ең төменгі деңгейге дейін түсті.Оңтүстік Кореяның ұлттық валютасы – вон долларға шаққанда 33,7 пунктіге әлсіреп, 1467 вонға дейін төмендеді. Қаржы институттарының бағалауынша, Трамп енгізген «баж салығы» Оңтүстік Кореяның АҚШ-қа экспортын шамамен 13%-ға азайтуы мүмкін.
Алты жылдан бері кореялық қор биржасымен жұмыс істейтін сарапшы Ольга Эмнің пікірінше, Оңтүстік Корея билігі тариф мәселесін реттей алады. Өйткені АҚШ – Оңтүстік Корея мен Жапонияның басты одақтастары, әрі негізгі сауда-экономикалық серіктестері. Ал Бейжің мен Вашингтон арасындағы сауда соғысынан Сеул ұтады дейді.
Ольга Эм, қаржы сарапшысы:
- Екі адам төбелессе, үшінші ұтады дегендей, бұл жағдайда айқын пайда көріп отырғандар – Оңтүстік Корея мен Жапония. Бірақ Оңтүстік Корея үшін, әрине, импорттаушы ел ретінде біраз тәуекелдері бар. Бірақ біз тағы бір жайтты байқап отырмыз, бұл мұнай бағасының күрт төмендеуі. Ал бұл Корея үшін жақсы. Өйткені бұл сол тауарлар мен өнімдердің өзіндік құнының арзандауына әкеледі, яғни күнделікті тұтынуға қажетті өнімдердің де.
Айта кетейік, оңтүстіккореялық компаниялардың акциялары өткен жылдың соңында, Президент Юн Сок Ёль әскери жағдай жариялағаннан кейін құлдырай бастады. Оның қызметтен шеттетіліп, 3 маусымға президент сайлауының белгіленуі үміт оятады. Сонымен қатар бүгін Сауда министрі АҚШ-та Трамп әкімшілігімен тарифтер бойынша келіссөздерге аттанды. Егер келісімге қол жеткізіліп, жаңа президент билікке келсе шетелдік инвестициялар екінші жартыжылдықта қайта оралуы мүмкін.