Ұлыбританияда коммуналдық қызмет қымбаттады

Ұлыбританияда осы айда коммуналдық қызмет бағасы тағы қымбаттады.

Электр энергиясы мен көгілдір отынның шекті тарифтері бірден  6%-ға өсіп, миллиондаған халықтың қалтасына салмақ салып отыр. Қымбатшылықтың себебі неде?

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Қымбаттау, негізінен, энергия тасымалдаушылардың көтерме бағасының өсуімен түсіндіріледі. Ұлыбританияның энергетикалық реттеушісі Ofgem агенттігі: сәуір айынан бастап жарық пен газдың ақысы 111 фунтқа артып, әрбір отбасы жылына орта есеппен шамамен 2000 фунт төлейтінін мәлімдеді. Нарықтағы жағдайға қарай өзгеріп отыратын тарифпен энергия тұтынатын 9 миллионға жуық отбасы бұл өзгерісті бірден байқайды. 

Джонатан Брирли, OFGEM компаниясының бас атқарушы директоры:

- Бағаның өсуі ешкімге де ұнамасы анық және көптеген отбасыға ауыр соғатынын жақсы түсінеміз. Бірақ халықаралық газ нарығына тәуелді болуымыз көтерме бағалардың тұрақсыздығына алып келіп, төлемдерді ұлғайтып отыр. Сондықтан біз үшін таза отандық энергия жүйесіне инвестиция салу бұрынғыдан да маңыздырақ.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Мәселені шешу үшін Лейбористік үкімет пен сала өкілдері энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды бастап кетті. Тарифтердің өсуінен түскен табыстың бір бөлігі жасыл энергетика саласын дамытуға жұмсалмақ. Есептеулерге сәйкес, егер электр энергиясы күн, жел және су сияқты баламалы көздерден өндірілсе, онда 2030 жылға қарай әрбір жергілікті отбасы жылына кемінде 300 фунт стерлинг үнемдейді екен.

Саша Яншин, сарапшы:

- Қазіргі таңда тұтынушылар жылу мен жарыққа өте жоғары баға төлеуде. Қарт адамдар ақшаны үнемдеу үшін қыста пеш қоспай, тоңып отырады. Сондықтан біз болашақта экономикамыздың толықтай жасыл болуына ұмтылуымыз керек. Бұл уақыт талабына сай табиғи процесс.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші: 

- Сонымен қатар судың ақысы, муниципалдық салық, сондай-ақ автокөлік салығы да қымбаттады. Кең жолақты интернет, мобильді байланыс және теледидар лицензиясының да бағасы өсіп, отбасылық бюджетке салмақ салғалы отыр. Иә, Ұлыбританияда теледидар көру үшін де бөлек төлем алынады. Қоғамдық ұйымдардың пайымдауынша, жаңа тарифтер, әсіресе, табысы төмен адамдар үшін ауыр болады. Бұл сөзсіз, өткен жазда коммуналдық шығындарды азайтуды уәде етіп, билікке келген Лейбористік үкіметке деген сайлаушылардың наразылығын күшейтуі мүмкін.