Қытай АҚШ тауарларына 84% баж салығын енгізді
Қытай АҚШ-тан импортталатын тауарларға қосымша баж салығын тағы арттырды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл жолы көрші ел тарифті 84%-ке бір-ақ апарды.
Сондай-ақ жиырмаға тарта америкалық ірі компаниялардың жұмысын шектейтін шешім шығарды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытай үкіметі АҚШ-тан импортталатын тауарларға қосымша баж салығын 34-тен 84%-ке дейін арттырды. Бұл шешім заңды күшіне бүгін Бейжің уақытымен күндізгі сағат 12:01-ден бастап күшіне енеді. Бұл жөнінде Мемлекеттік кеңестің кедендік комиссиясы мәлімдеді.
Мұндай қадам АҚШ үкіметінің Қытай импортына тарифті көтергеннен кейін қарымта жауап ретінде жасалып отыр. Бұдан бөлек, америкалық 12 ұйым экспорттық бақылау тізіміне енгізілді. Сондай-ақ 6 компанияны тұрақсыз әрі сенімсіз ұйымдар қатарына қосты. Олардың ішінде Sierra Nevada Corporation, Hudson Technologies сияқты компаниялар бар. Қытай үкіметінің шешіміне сәйкес, енді олар осы мемлекетпен байланысты кез келген импорттық және экспортқа қатысты іспен айналыса алмайды. Сонымен қатар Қытай нарығында жаңа инвестиция құюға тыйым салынды. Бұл заң бүгіннен бастап жұмыс істейді. Ресми мәлімдемеге сай, бұл компаниялар Қытай тарапынан жасалған ескертулер мен қарсылықтарға қарамастан кейінгі жылдары Тайвань аймағына қару сатуға қатысқан немесе Тайваньмен әскери-техникалық ынтымақтастық орнатуға тырысқан көрінеді. Ал Тайвань аймағы Қытайдың жанды жері. Сондықтан ел билігі аянып қалатын емес. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық қауіпсіздік пен мүдделерін қорғау мақсатында жасалаған қадам деп түсіндірледі хабарламада. Қалай болғанда да Қытай әрбір қадамын сенімді түрде жасап отыр.
Сяо Лу, Қытай сауда министрлігі сыртқы Сауда-саттық департаменті директорының орынбасары:
- Қытайдың нарықтық әлеуеті орасан. Ол жылдан жылға нығайып келеді. Қазір елдің сыртқы саудасы барлық тәуекелдер мен кедергілерге төтеп бере алатындай жағдайда. Экономика мен сыртқы сауданы тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралар қабылдануда. Сонымен қатар әлемдік сауда тәртібін қорғап тиімді нәтижелерге қол жеткізу үшін серіктестерін арттыра береді. Осы арқылы дүниежүзіндегі сауда байланысын тұрақтандыруға ықпал етеді.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытай тарапы Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірді. Онда АҚШ-тың әрекеті ұйым ережелеріне қайшы әрі әлемдік сауда тізбегіне қауіп төндіріп тұрғандығы көрсетілген. Сондай-ақ тарифті үсті-үстіне көтеру арқылы сауда айналымын тұрақтандырудың мүмкін емес екендігі айтылған. Екі алып ел арасындағы сауда соғысы қор нарығын құбылтып, тепе-теңдік пен тұрақтылықты бұзып отыр. Алайда бұған қарап жатқан ешкім жоқ. Бұлардың әрқайсысы өз мүдделері үшін бәріне баруға дайын.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын