Әлемде суға таласу мәселесі өткір болып тұр

Әлемде трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану туралы 290-ға жуық құжат түзілген.

Алайда суға талас мәселесі әлі толық шешімін таппай тұр. Мемлекеттердің тек 20 пайызы ғана тіршілік нәрін бірлесіп пайдалану бойынша келісімге қол жеткізген. Ал төрткүл дүниеде ауызсудан тарығып отырған ел көп. Сондықтан сарапшылар суға таластың арты жанжалға ұласпас үшін барлық тараптың мүддесін ескеретін ортақ құжат қажет, дейді.

Қытай осы күнге дейін БҰҰ-ның өзендерді пайдалануға қатысты конвенциясына қосылған жоқ. Сөйте тұра, трансшекаралық суларды еркін қолданып келеді. Мысалы, Қытайдан бастау алып, Үндістан, Пәкістан, Мьянма, Лаосқа ағатын Меконг, Брахмапутра өзендерінің бойында көрші елдерді ескертпей, бірнеше су электр стансасы мен тоған тұрғызған. Зардабын екі өзеннің етегіндегі елдер тартып келеді. Мәселен, Қытай 5 мың шақырымға созылған Меконг өзенінің негізгі арнасы мен салаларында 100-ден аса бөгет салған. Салдарынан соңғы жылдары су айдынының түбі көріне бастады. Бұл балықтардың миграциясын тежеп, ауыл шаруашылығына кері әсер етуде. 2019 жылы аймақты құрғақшылық жайлап, 60 млн адамның азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген. Алайда аймақтағы суға талас әлі күнге дейін реттелген жоқ. Үндістан, Пәкістан, Мьянма, Лаос Қытаймен ортақ шешімге әзірге келе алар емес.

Африкада Ніл өзеніне қатысты дау басылмай тұр

Ғалымдар жағдай әсіресе қара құрлық елдерінде қиын дейді. Жақында мұнда Ніл өзені бойынша ынтымақтастық туралы келісім күшіне енді. Бұл келіссөз 10 жылға жалғасқан еді. Алайда, құжатқа өзен етегіндегі Египет пен Эфиопия қол қоюдан бас тартты. Өзен бастау алатын елдерден суға түсетін қалдық аз емес, ол су құрамын бұзады. Оның зардабын Нілдің бел ортасындағы екі ел көріп отыр. Сондай-ақ өзенде бөгет салуға қатысты жанжал шықты. Эфиопия оның құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды дейді. Бірақ Мысыр бұл су режиміне қауіп төндіреді деп санайды. Өйткені жергілікті халықтың 97 пайызы тіршілік нәрін осы Ніл өзенінен алады. Осыған қатысты саммит қазан айының соңында өту керек еді. Бірақ Египет пен Эфиопия бас тартып, іс-шара келер жылға қалды.  

Еуропа елдерінде су келісімі өз тиімділігін көрсетті

Еуропада трансшекаралық суларды ортақ пайдалану бойынша тиімді келісімдер бар. Мәселен, 10 елді басып өтетін Дунай бойынша құжат 1948 жылы бекіген. Онда өзенге зиян келтірмеу, суды бірлесіп қолданудан бөлек, су айдынына зақым келтірген тарап оны тазалауға қаражат бөлетіні қарастырылған. Ал Рейн бойындағы елдер суды қалай бөлу деген тақырыптан бөлек тазалығын  қамтамасыз ету мәселесіне басымдық береді. Бұл үшін өзеннің бойында Швейцариядан Солтүстік теңізге дейін судың сапасын тексеретін 9 станса салған.

Зайнұр Байжігіт