Қытай-АҚШ cауда шайқасы шиеленісіп барады. LIVE
Қытай мен АҚШ ашық айқасқа шықты. Тариф көтерілген сайын әлем елдерінің тынысы тарылып барады. Кейбір елдер келіссөз арқылы дереу шешуге ұмтылып жатыр. Алайда екі алып мемлекет тоқтайтын түрі жоқ. Керісінше, экономикалық қыспақ күннен-күнге үдеп барады. Ірі компаниялардың акциялары біресе құлдырап, біресе тоқтап қаржы нарығында дүрбелең басылар емес.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайда да жағдай мәз емес. Қаржы нарығы мың құбылып, акция иелерінен ұйқы қашқалы біраз күн болды. Дегенмен бұл елде қаржы нарығы біртіндеп оңалып келеді. Оған мемлекеттің араласуы сеп болып отыр. Бұған дейін мемлекеттік инвестициялық компаниялар негізгі кәсіпорындар мен ғылыми-техникалық инновациялық компаниялардың акцияларын инвестицялап қолдау көрсеткен еді.
Нәтижесінде Қытай компанияларының акцияларының құны көтеріле бастады. Қор нарығындағы соңғы мәліметткерге сәйкес Shanghai Composite индексі 1,16% өсті. Шэньчжэнь компонент 2,25% артқан. Beijing Stock Exchange индексі бірден 4,86% көтерілді. Дей тұра нарық болған соң жағдай әп-сәтте өзгеріп шыға келуі мүмкін. Сондықтан Қытай билігі позициясын нығайту шараларын күшейтіп жатыр. Енді бұған Қытай банктері жұмылдырыла бастады. Олар листингілік компанияларды қуаттау бағытындағы бастаманы қолдап, акцияларды кері сатып алу ісін күшейтті. Қазір жалпы несие көлемі 41 миллиард долларға жеткен. Бұл қаражат капитал нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуге жұмсалады. Мәселен, әлемдегі ең ірі банк саналатын Қытайдың өндірістік және коммерциялық банкі 400 жобаға қолдау көрсетіп акцияларын сатып алған. Қаржы ұйымы бұған 14 миллиард АҚШ доллар қаражат бөлді. Дәл осындай қолдауды Қытайдың ондаған ірі банктері көрсеткен. Алайда мұның бәрі уақытша шара болуы мүмкін. «Сауда соғысы» тоқтамайтын болса мұның соңы қаржы дағдарысына ұласады. Соған қарамастан Қытай билігі алған беттен қайтар емес. Егер АҚШ «тариф соғысын» жалғастырса, Қытай қарап қалмайды. Бұл туралы елдің Сауда министрлігінің баспасөз хатшысы мәлімдеді.
Хэ Юнцянь, Қытай Сауда министрлігінің баспасөз хатшысы:
- АҚШ келіссөз жүргіземін десе, біздің есік әрқашан ашық. Бірақ диалог тең дәрежеде өтуге тиіс. Ал егер тариф соғысын жалғастыру ниеті болса, оған дәл сондай жауап қайтарылады. Біз аяғына дейін күресеміз. Қысым жасап, қорқытып, бопсалау арқылы Қытаймен іс жүргізе алмайды. Америкалық тарап өзара ынтымақтастық қағидаты негізінде жұмыс істейді деген сенімдеміз.
Қытай-АҚШ текетіресінің қашан тоқтайтыны белгісіз. Бірақ екі державаның айқасынан әлем елдерінің тынысы тарылып барады. Кейбір мемлекеттер келіссөз жүргізуге ұмтылып жатыр. Америка президенті Трамп алдына келген елдерге баж салығын енгізуді 90 күнге шегерді. Алайда оның ішінде Қытай жоқ. Сондай-ақ Трамп Қытай импортына тарифті 125% көтеретінін жариялады. Бұған Қытай тарапы әлі ресми жауап қайтарған жоқ.