Әлемде 10 миллион адам емі жоқ Паркинсон ауруына шалдыққан
Паркинсон ауруы жастарды да айналдырып тұр. Бұрын бұл дертке бірлі жарым болмаса негізінен егде жастағылар шалдығатын. Қазір әлемде мұндай науқастардың саны 10 млн-ға жуықтайды. Алдағы 25 жылда жер жүзін жайылған дерт тағы 10 млн адамды құрбан етеді деген қауіп бар.
Ең қиыны, жер жүзінде әлі күнге бұл ауруды емдейтін дәрі-дәрмек жоқ. Бірақ жаһан ғалымдары кеселдің белгілерін алдын ала анықтап, науқастың өмір салтын жеңілдететін түрлі әдіс-тәсілдерді ойлап тауып жатыр. Айта кетейік, бүгін Дүниежүзілік Паркинсон ауруымен күрес күні.
Паркинсонға көп жағдайда алпысты алқымдаған қариялар шалдығатын еді. Қазір елуді еңсермеген орта жастағылар да сырқаттың зардабын тартып отыр. Белгілісі, олардың дені – ер адамдар.
Паркинсон өмірді қысқартады
Кейінгі жылдары әлем халқының 43%-і, яғни 3,4 миллиард адам жүйке жүйесі ауруына шалдыққан. Кеселдің құрбаны болғандары да көп. Олардың дені – Паркинсон сырқаты бар науқастар. Lancet журналында жарияланған зерттеуде осылай делінген. Ондағы деректерге сәйкес Паркинсон науқасты мүгедектік етіп, мұның соңы ерте өлімге әкелуі мүмкін. Ғалымдар 1990 жылдан 2021 жылға дейін неврологиялық аурудан мүгедектік және ерте өлім деңгейі 18%-ке артқанын анықтады.
Паркинсон ағзада жасырын өмір сүреді
Әлем бойынша альцгеймерден кейін ең көп тараған неврологиялық кесел – Паркинсон. Нақты себебін табу өте қиын. Дерт дереу асқынып, клиникалық белгілері байқала бастаған кезде ғана анықталады. Негізі кесел іш қату мен ұйқысыздықтан басталып, бұл процесс 20 жылға дейін жалғасуы мүмкін. Мұнан соң ақыл-ойдың бұзылуы мен бұлшықеттің әлсіреуі байқалады. Кей зерттеулер науқастардың микроағзасында өзгерістер болатынын көрсетті.
Австралия Паркинсонға қарсы препарат әзірлеп жатыр
Іш қату байқалса, дереу дәрігерге көріну қажет. Өйткені Паркинсон дерті мидағы жүйке талшықтарын емес, алдымен ішекті зақымдайды. Ал ішегі қабынған адамның дофамин өндіретін ми нейрондары істен шығады. Австралиялық ғалымдар жүргізген кейінгі зерттеуінде осындай тоқтамға келді. Сол себепті дерті дендеген адамның алдымен ішек жолдарын емдеу қажет. Қазір жергілікті Квинсленд университетінің зерттеушілері Паркинсонға шалдыққан науқастардың ішек бактериясына қарсы препарат әзірлеп жатыр. Олардың айтуынша, кәдімгі емдеу терапиясы мидағы дофамин мөлшерін арттыратын препаратті қолдану арқылы жүргізіледі. Бұл кей науқастарда сырқаттың әсерін жеңілдетуге көмектескенімен, даму қарқынын баяулатпайды. Ал жаңа емдеу әдісі дерттің дамуын бәсеңдетіп, тіпті толық жоюы мүмкін.
Ричард Гордон, Квинсленд университетінің нейробиологы:
- Зерттеу барысында ішектің қабынуы дофамин бөлетін нейрондарды зақымдайтынын анықтадық. Паркинсонға шалдыққан науқастарда бұл біртіндеп жоғалады. Сол себепті біз ішектегі бактерияларды жоюға қауқарлы дәрілік препарат жасауға кірісіп кеттік. Дәрі мидың ғана емес, ішек бұзылыстарын да емдей алады.
Аутоиммунды ауруға қарсы препарат Паркинсонды емдейді
Аутоиммунды ауруға қарсы қолданылатын препарат Паркинсонды да емдей алады. Испан ғалымдарының кейінгі зерттеуі осыны айғақтап отыр. Олардың сөзіне қарағанда бұл дәрінің Паркинсон сырқатының дамуына әсер ететін ми жасушасы мен астроциттің қызметін шектеуге қауқары жетеді. Астроцит зат алмасу қызметін атқарады. Паркинсон кезінде зат алмасу процесі бұзылып, ол жүйке жүйесі талшықтарын біртіндеп өлтіреді. Әлгі айтқан дәрі бұл дамуды тежеп, Паркинсонның пайда болуына қарсы күреседі.
Токсикалық заттар Паркинсон ауруын туғызады
Айналамыздың ластануы, ауаға таралған зиянды заттар Паркинсон сырқатын туғызуы мүмкін. Америкадағы Рочестер университетінің ғалымдары осылай дейді. Олардың айтуынша, ауа арқылы ми жасушасы мен ағзаға түскен токсиндер Паркинсонға әкеледі. Сондай-ақ пестицидтер мен химиялық тазартқыштарды пайдалану салдарынан сырқат сыр бермей басталады. Сөйтіп, жылдар бойы ағзаға түзілген улы заттар жасырын тұрған дертті бір-ақ сәтте жарыққа шығарады. «Мұның алдын алу үшін токсикалық заттардың күнделікті тұтынатын азық-түлік пен ауыз суда бар-жоғын қатаң бақылау қажет», – дейді зерттеушілер. Солай әрекет ету арқылы улы заттардың әсерін төмендетуге болады.
Рэй Дорси, Рочестер университетінің профессоры:
- Паркинсон дерті улы заттармен ұзақ уақыт жұмыс істейтін адамдарда пайда болуы мүмкін. Оның белгілері жылдар бойы байқалмайды. Ойламаған жерден бір мезетте хабар береді.
Ақылды сағат аурудың дамуын бақылайды
Рочестер университетінің ғалымдары тақауда ауруды алдын ала анықтайтын тәсілмен бөлісті. Күнделікті қолымызға тағып жүретін Apple Watch сияқты ақылды сағаттар Паркинсонның алғашқы белгілерін байқай алады. Олар жыл бойы аурудың ерте кезеңіндегі адамдарға осы қолсағатты таққызып зерттеу жүргізген. Науқастардың жүріс-тұрысы, сөйлеу, жазу сияқты дағдыларын бақылаған. Нәтижесінде осы ақылды құрылғының көмегімен аурудың даму процесін анықтады. Ғалымдардың айтуынша, бұл әдіс науқастарда емдеу терапиясын жеделдетіп, оларға күтім жасау сапасын жақсартуға ықпал етуі мүмкін.