Таяу Шығыстың қор нарығы тұрақсыз. LIVE

Таяу Шығыс елдерінің де қор нарығы тұрақсыз. Әсіресе ОПЕК құрамына енетін мұнай өндіруші мемлекеттерде жағдай мәз емес. Сауд Арабиясы, Кувейт, Қатарда құнды қағаздар бағамы 6%-ке дейін төмендеген. Әлем экономикасындағы дүрбелең араб елдеріне қалай әсер етіп жатыр?

Рауан Мыңбай, тілші:

- Иә, АҚШ-тағы Ақ үй басшысының кейінгі 10 күннен бергі мәлімдемелері тұтас әлем экономикасын теңселтіп тұр. Акциялар құны бірде құлдилап, енді бірде орныға бастады. Дәл қазір жағдай сәл де болса тұрақты. Дегенмен мұхиттың арғы жағынан жететін әрбір хабарға мұқият құлақ түретін сәт қазір. Осы күні кей сарапшылар қор нарығындағы жағдайға тура болжам жасауға асықпайды. Айталық, бірер күн бұрын Абу Дабиде өткен инвестициялық форумға қатысушылардың дені Дональд Трамптың тарифтік саясатын сырттай шолып өтті. Көпшілік Ақ үй жоспары алдағы уақытта әлі өзгеруі мүмкін деген ойды ортаға салды. Көп ұзамай АҚШ президенті кедендік төлемдерді өсіру үдерісіне уақытша үзіліс жариялады. Осы ретте әмірлік сарапшыларының бастапқы болжамы расталғандай.

Тарик Ахмед экономист, «Clubs Network» бизнес қауымдастығының төрағасы:

- АҚШ-тың Біріккен Араб Әмірліктері үшін бекіткен кедендік баж салығының мөлшері 10% шамасында болып отыр. Шығанақтағы басқа мемлекеттерде бұл көрсеткіш жоғары. Бизнес қаласа, бұл тығырықтан да жол табады. Мәселен, кей өндірушілер әмірліктегі компаниялармен бірлескен кәсіпорын құрып, кейін өнімді 10%-тік тариф арқылы осы жерден құрама штаттарға қайта экспорттай алады. Кез келген кедергіні айналып өтудің жолы бар екенін ұмытпау керек. Менің ойымша, Ақ үй тарапынан қосымша мәлімдемелер жасалады. Біздің пайым бойынша мемлекеттер бір-бірімен келісе отырып, ортақ шешім қабылдайды.

Енді Таяу Шығыстағы кей қор нарықтарындағы жағдайға келсек, мұнда кейінгі 4 күннен бері бірқатар өзгеріс болып жатыр. Әуелі Сауд Арабиясындағы қара алтын өндіруші Saudi Aramco компаниясының акциясы 6,1%-ке арзандады. Қатар мен Кувейттегі биржа индекстері 5,5%-ке құлдырады. Әлем экономикасындағы тербеліс Тель-Авивтегі құнды қағаздар нарығын да теңселтті. Дегенмен бұл жолы аймақтағы ірі экономика саналатын саудиялық компаниялардың жоғалтқаны көбірек болып отыр. Ондағы нарықтық жалпы капитал мөлшері кейінгі бір апта ішінде 90 млрд долларға азайған. Бұған қара алтынның арзандауы мен әлемдік сауда соғысы себеп.