АҚШ-та инклюзивті білім беру мамандары тапшы

Әлемде мүмкіндігі шектеулі 240 млн бала бар. Бұл ЮНИСЕФ-тің мәліметі.

Сол балалардың қазір 75 пайызы сапалы білімге қол жеткізе алмай отыр. Халықаралық ұйым өкілдері бұған алаңдаулы. Олар «ерекше балаларды ортаға бейімдеу, оларды тең біліммен қамтамасыз ету бағытында арнайы бағдарламалар қажет», - дейді. Осы бағытта әлем елдерінің тәжірибесі қандай? 

АҚШ-та ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандар тапшы. Бұл мәселе әсіресе 38 штатта шешімін таппай тұр. Соның ішінде Флорида, Джорджия, Индиана және Филадельфия бар. Мұны World Population Review баяндамасы растап отыр. Мысалы Филадельфияда инклюзивті білім беру бағдарламаласы бойынша 450 маман қажет. Алайда соның 300 орны әзірге бос тұр. Кадр тапшылығы тұрмысы нашар аудандардағы мектептерде байқалады. Бұған басты себеп - жалақының аздығы. Ұстаздар айлығы шайлығынан артылмайтындықтан бұл білім ошақтарында жұмыс істеуден бас тартатын көрінеді. Айта кетейік, Гарвард университеті 24 жыл бойы осы саладағы мамандарды дайындап келеді.  Нейроғылым, когнитивті психология және педагогика бойынша оқытады. Биыл бұл бағдарламаны 40-тан астам студент игеріп жатыр. Олардың қатарында шетел азаматтары да бар .

Германияда 550 мың оқушы арнайы бағдарламамен білім алады

Ал Германияда арнайы білім беруді қажет ететін 550 мың бала бар. Олардың 42 пайызы жалпы білім беру мектебінде, ал 58 пайызы арнайы мекемеде білім алады. Бұл туралы Education Sciences журналы хабарлады. Ауыр дертке шалдығып, денсаулығы сыр берген бүлдіршіндер қандай жағдай болмасын, өзге балалар секілді білім алуға құқылы. Сондықтан елде осы бағытта тиісті бағдарламалар қабылданған. 14 университетте ерте қолдау көрсететін педагогтар мен эргопедагогтарды даярлайды. 50-ден астам бакалавриат бағдарламасы бар. Көбінесе болашақ ұстаздар аутизмге шалдыққан балалармен және көру мен есту қабілеті бұзылған жеткіншектермен жұмыс істеуді үйренеді.

Ұлыбританияда ерекше баланы оқытуда жеке қабілеті ескеріледі

Ұлыбританияда ерекше балаларды ортаға бейімдеу, оларды тең біліммен қамтамасыз ету бағытында арнайы бағдарлама бар. Ол 2014 жылы қолданысқа енгізілген. Ерекше бала инклюзивті білім алуда заманауи әдіс бойынша оқытылады. Яғни әр баланың қабілеті ескеріледі. Сол бойынша жеке оқыту бағдарламасы әзірленеді. Қазір бұл жоба бойынша 2 млн бала білім алады. Бұл елдегі оқушылардың 18 пайызын құрайды. Ең бастысы Ұлыбританияда инклюзивті білім алу үшін медициналық диагноз қажет емес. Баланың қатарластарынан кеш дамуы байқалса, яғни оқу, сөйлеу немесе математика секілді пәндерді игере алмаса, ол арнайы бағдарлама бойынша оқи алады.