Египетте туризмнің дамуы экожүйеге қауіп төндіріп тұр

Мысырда туризмнің дамуы Рас-Ханкораб жағажайына қауіп төндіріп тұр.

Жергілікті экологтар осылай дейді. Бұл жағажай демалушылар арасындағы танымал орын - Хургада шипажайынан 4 сағаттық жерде орналасқан. Мұнда су жануарларының түрі-түрі мекен етеді. Теңіз маржандары да көп. Бірақ саяхатшылардың бәрі бірдей бұл орынды біле бермейді. Енді мұнда туристік нысандар салынып жатыр. Алайда табиғат жанашырлары келешекте саяхатшылардың көптігінен жергілікті экожүйеге қауіп төнетінін айтып, бас прокурорға шағым түсірген. Жалпы туризм Мысыр экономикасының маңызды саласы. Былтыр одан 14 млрд доллар пайда түскен.

Асма Әли, Экологиялық ұйым директоры:

- Рас-Ханкораб жағажайы табиғи қорық аумағында орналасқан. Сондықтан мұнда құрылыс жұмыстарының жүргізілуі заңсыз деп санаймыз. Мұнда жойылу қаупі төніп тұрған теңіз тасбақалары мекен етеді. Маржан рифтері көп. Сондықтан өңірде туризмді дамыту жергілікті биоалуантүрлілікке кері әсер етуі мүмкін.