Ұлыбритания баламалы энергия көздерін дамытады

Ұлыбританияның энергетика саласы үлкен өзгерістер алдында тұр.

Мемлекет жаңартылатын энергия көздеріне көшуді жеделдетпек. Билік бұл жарық пен газға төленетін шығындарды азайтып, энергия жүйесін тұрақтандыруға септігін тигізеді деп отыр. 

Жалғызбасты әке Доминник Уотерс электр энергиясы мен көгілдір отынның көрсеткішін күнделікті қадағалап отыруға мәжбүр. Себебі теңгерімінде ақша болмаса, қызы екеуі тамақ істей алмай қалады. Жақында ғана шотын толықтырғанына қарамастан ақшасы таусылуға таяған. Уотерс қысқа толқынды пеш пен газ плитасын қосуға қалтасы көтере бермейтінін жасырмайды.

Доминник Уотерс, жергілікті тұрғын:

- Мен бала күтіміне байланысты жәрдемақы алушы ретінде қиындықтарға тап болдым. Бұл әділетсіз әрі адамгершілікке жатпайды. Елде мен сияқты отбасы көп. Олар осындай мәселеден тіпті тұрмысқа аса қажетті заттардан бас тартуға мәжбүр.

Соңғы жылдары әлемдік нарықтағы энергия бағасы едәуір өсті. Ұлыбританияның энергетикалық инфрақұрылымы да жаңартуды қажет етеді. Үкімет басшысы «көміртегін шығаруды  бодырмайтын энергия жүйесіне көшуге бағытталған мемлекеттік кампания аясында газ бен жарықтың төлемдері азаяды», - деп отыр.  

Кир Стармер, Ұлыбритания премьер-министрі:

- Менің мақсатым таза энергияны өндіру бойынша жаһандық бәйгеге қатысып қана қоймай, онда жеңімпаз атану. Біздің білікті мамандырымыз бар, тәжірибеміз жеткілікті. Сондықтан осы мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек.

Лейбористік үкімет билікке 2030 жылға дейін экологиялық таза энергия жүйесін құруға бағытталған батыл бағдарламасымен келді. Ұлттық энергетикалық жүйе операторының тәуелсіз есебі бұл мақсаттың орындалуы мүмкін екендігін растады. Бірақ оны алдағы 10 жылдың ішінде жүзеге асыру үшін «жасыл» күн тәртібін жеделдетіп енгізу қажет.

Финтан Слай, Ұлыбритания ұлттық энергетикалық жүйе операторының басшысы:

- Біздің есебіміз бойынша электр энергиясының көтерме бағасы 10 пайыздан астам төмендеуі мүмкін. Бұған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану және газдан өндірілетін энергия көлемін азайту арқылы қол жеткізуге болады. 

Ұлыбританияны таза энергетика саласындағы көшбасшы мемлекетке айналдыру жоспары қымбатқа түсуі мүмкін. Бюджеттік жауапкершілік басқармасының мәліметінше, жаңартылатын энергия жобаларын қолдауға бағытталған алымдар 2024–25 жылдары 12 млрд фунттан 2029–30 жылдары 14,8 мдрд фунтқа дейін өседі. Бірақ мамандар бастама өз жемісін беретініне сенімді.