Түркі мемлекеттері өзара тауар айналымын арттыруға ниетті

Жаһандағы қазіргі геосаяси ахуал түркі елдерін де бірігіп әрекет етіп, ынтымақтастық аясын арттыру түсуге итермелеп отыр.

Ташкентте бауырлас елдердің талдау орталықтарының жетекшілері бас қосып, стратегиялық мүмкіндіктерін  талқылады. Түркі мемлекеттері экономикалық байланыстарын нығайтып, өзара тауар айналымын арттыруға мүдделі. Бұл тұрғыда Түркі ұйымының ұзақмерзімді  жоспары бар.

Түркі Мемлекеттері Ұйымына мүше елдердің сыртқы тауар айналымы былтыр 850 млрд долларға жеткен. Оның 7% ұйым мемлекеттерінің үлесінде. Сарапшылар көрсеткіш көлемін көбейтудің жолдарын талқылады. Бұл тұрғыда ресми Астананың ұсыныстары ұйымның қолдауына ие болып, интеграциялық байланыстарға серпін берген.

Мерей Мұқажан, Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасары:

- Бішкекте өткен соңғы саммитте 16 құжатқа қол қойылды. Соның жартысына жуығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары. Оның ішінде ғарыш, ІТ технологиясы бар. Бұның барлығы біз үшін маңызды.

Әлемдік геосаясатта «сауда соғысы» қызып тұр. Мемлекеттік мүдде деген желеумен біржақты шешімдер қабылданып жатыр. Алыптардың тартысы өзгелерге кері әсерін тигізбей қоймасы анық. «Бұл тұрғыда сарапшылар бауырлас, көршілес, мүдделес елдердің жұдырықша жұмылып, бірігіп әрекет етуі маңызды» - дейді.

Шаин Садыхов, Әзербайжан экономика министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Әлемдегі қазіргі геосаяси ахуалды қарайтын болсақ, негізгі экономикалық күш Қытай мен Еуропада. Алпауыттар бір-бірімен тауар алмасу үшін транзит жолдарды пайдаланады. Бұл орайда Орталық Азия дәлізі керемет мүмкіндікке ие. Сондай-ақ аймақ адами капитал мен табиғи ресурстарға да бай. Өнім өндіруге де күші жеткілікті.

Конференция қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің талдау орталықтары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тиісті құжат интеграцияны тереңдетуге және өзара сауданы арттыруға мүмкіндік береді.