Blue zones: ұзақ өмір сүрудің құпиясы

Әлемде орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жас. Ал жер бетінде қазірде 100-ден асқан 500 мыңдай адам бар. Олардың 80%-і әйелдер.

Жалпы күнделікті өмірде бір-бірімізге «ұзақ ғұмыр тілеймін», «қартаймаңыз» деп тілек білдіріп жатамыз ғой. Осы ұзақ өмір сүрудің жалпы артықшылығы неде? Жер бетінің «көгілдір аймағы» туралы бұрын-соңды естіп пе едіңіз? Бұл картадағы мұхиттардың белгісі емес, қарт адамдар шоғырланған 5 аймақ. Бұл терминді алғаш Дэн Бюттнер атты зерттеуші 2005 жылы National Geographic журналында қолданған. Ол әлемнің түрлі бөліктерінен 100 жастан асқан адамдар ең көп шоғырланған жерлерді зерттеді. Сонымен 100 жасты еңсергендер Окинова, Сардиния, Икария, Никоя, Лома-Линдада тұрады. Бұлай ұзақ жасаудың құпиясы жергілікті тұрғындардың салауатты өмір салтын сақтауында. Мәселен Жапонияның Окинава аралында тұрғын үйлерде арнайы үстелдер жоқ. Онда 100 жастағы әйелдер күніне 90 рет отырып-тұрып жаттығу жасайды. Тағы бір көк аймақ – Сардиния аралы. Таулы жер болғандықтан кейбір елді мекендердегі ер адамдар күніне 30-35 шақырым жаяу жүреді. Сондай-ақ тұрғындардың үйінде шаңсорғыш пен еден жуғыш жоқ. Еденді жуу үшін олар еңкейіп, белсенді қозғалады. 

Окинава, Жапония

Сардиния, Италия

Икария, Грекия

Никоя, Коста-Рика

Лома-Линда, АҚШ 

Дэн Бюттнер, «BLUE ZONES» тұжырымдамасының авторы:

- Көк аймақтардағы адамдар ұзақ өмір сүреді. Себебі олар денсаулықты іздемейді. Өмір сүру салтын табиғи түрде қалыптастырады. Мәселен үнемі қозғалыста болу, мақсатты өмір сүру, әлеуметтік байланыстарды нығайту және табиғи, өсімдік негізіндегі тағамдарды тұтыну олар үшін жаңа дағдылар емес. 

Әйелдер ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді

Ерлерге қарағанда әйелдер 5-7 жылға ұзағырақ өмір сүреді. Бірақ ерте қартаяды. Ал ер адамдар өз жасынан жас көрінеді. Бұл айырмашылықтың  биологиялық, әлеуметтік және психологиялық себебі бар.

Әлем бойынша ең ұзақ өмір сүрген әйел - Жанна Кальман. Ол 122 жасында өмірден өтеді. 85 жасында семсерлесуді үйреніп, 100 жасқа дейін велосипедпен жүрген. Ол өз сұхбатында, ұзақ өмір сүрудің құпиясы - сабыр сақтау мен күйзеліске түспеу деп айтады. Бұл ғылыми тұрғыда да дәлелденген. Stanford University зерттеушілері созылмалы күйзелісте өмір сүретін адамдарда теломерлер (ДНҚ-ны қорғайтын тетік) қысқарады дейді. Бұл – жасуша қартаюының негізгі белгісі. Ал Harvard Medical School: күйзелісті дұрыс басқарған адамдардың өмір сүру ұзақтығы 5–10 жылға ұзарады дейді.

Элисса Эпель, Калифорния университетінің профессоры:

- Созылмалы күйзеліс кезінде ағзада кортизол гормонының деңгейі жоғарылайды. Бұл теломерлердің қысқаруына әкеледі. Теломерлердің қысқаруы жасушалардың қартаюын жылдамдатады. Бұл жүрек аурулары, диабет және басқа да созылмалы аурулардың асқыну қаупін арттырады. Алайда күйзелісті тиімді басқару әдістері, мысалы, медитация, физикалық белсенділік және әлеуметтік қолдау, осы теріс әсерлерді азайтуға көмектеседі.

Ұзақ өмір сүрудің артықшылығы мен кемшілігі

Ғылыми зерттеулер ұзақ өмір сүрудің тек биологиялық емес, әлеуметтік, экономикалық және психологиялық жағын да қамтитынын көрсетеді. Ұзақ өмір сүру, бір жағынан, адамның арманы секілді көрінгенімен теріс тұстары да бар. Мәселен ұзақ жасайтын адам достарын, бауырларын, тіпті балаларын да ертерек жоғалтып, жалғыздықты бастан кешіруі мүмкін. Қартайған кезде замандастары азайып, жаңа адамдармен ортақ тіл табысу қиындайды. Альцгеймер, деменция секілді аурулар ұзақ өмір сүретіндерге жиі әсер етеді. Сондай-ақ ұзақ өмір сүру қоғамда маңызды рөлге ие. 2100 жылға қарай 100 жастан асқан адамдар саны 18 миллионға жетеді деген болжам бар. Бұл еңбек нарығына, зейнетақы жүйесіне және әлеуметтік қызметтерге үлкен жүктеме түсіреді. Сондықтан қоғам ұзақ өмір сүрудің әлеуметтік және экономикалық салдарын ескере отырып, саясат пен инфрақұрылымды қайта қарастыруы қажет.