Рим Папасы Франциск 88 жасында дүниеден озды

Ватиканда 88 жасында Рим Папасы Франциск дүниеден озды. Рим-Католик шіркеуінің дінбасы биыл ақпан айында тыныс ауруына шалдығып, төсек тартып қалған еді. Бронхитті емдеу үшін Римдегі клиникада 40 күн бойы жатты. Сол аралықта понтификтің тынысы 4 рет тоқтап қала жаздап, дәрігерлер оны өкпені жасанды желдету аппаратына қосуға мәжбүр болған.

Аргентиналық Хорхе Марио Бергольо 2013 жылы 13 наурызда Бенедикт XVI тақтан бас тартқаннан кейін Рим Папасы болды. Ол Қасиетті Таққа Латын Америкасынан сайланған, яғни өзге елдің алғашқы өкілі болды. Католик шіркеу басшылығына келгеннен кейін кедейлерге көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғауға баса көңіл аударып, әйелдердің шіркеудегі рөлін арттыруды жақтады. Папа Франциск лауазымына сай сән-салтанаттан бас тартып, қарапайым өмір салтын ұстанды.

Кристофер Лэмб, «The Tablet» тілшісі:

- Менің ойымша, Франциск көптеген іргелі реформаны жүзеге асырды. Ол Римде ешқашан оқып, жұмыс істемеген еді. Соған қарамастан батыл қадамдар жасап, католик шіркеуіне үлкен өзгерістер әкелді.

Рим Папа Франциск қарапайым өмір сүруді ұнатқан. Сондықтан 2024 жылы қараша айында ол католик шіркеуі басшысын жерлеу дәстүрлерін өзгертіп, рәсімді епископқа тән жұпыны өткізу туралы шешім қабылдаған еді. Ол Ватикан аумағынан тыс жерде, Римдегі Санта-Мария-Маджореде жерленеді. 

Том Рис, Religion News Service жаңалықтар қызметінің шолушысы:

- Рим Папасы Франциск шіркеудің оң келебетін қалыптастыруда еңбегі орасан зор. Айтпағым, ол көреген басшы ретінде шіркеудің пасторлық тәжірибесін өзгертті. Толеранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде ынтымақтастықты арттырды. Шіркеуді халыққа бір табан жақын етті. Адамдармен көбірек әңгімелесуге, пікірталастарға және талқылауларға үнемі ашық болды.

2022 жылы Рим Папасы Франциск Астанаға үш күндік сапармен келді. Одан кейін Әлемдік және дәстүрлі діндердің 7-ші съезіне қатысып, дін бостандығы түрлі сенімдегі адамдардың ынтымақ пен мейірімде өмір сүруіне ықпал етеді. Қазақстан осы құндылықтарды сақтауға бейім мемлекет екенін атап өтті.  

Қаралы хабардан күллі әлем жұртының қабырғасы қайысты. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінен Ватиканға көңіл айту жеделхаттары жолданып жатыр. Оның мұрасы мен шіркеуге қатысты жүргізген реформалары мәңгілікке Ватикан тарихында қалары сөзсіз.

Авторы: Зайнұр Байжігіт