Нью-Йоркте автокөлік көрмесі ашылды

Нью-Йоркте жыл сайын өтетін автокөліктер көрмесі биыл да қалың көпшілікке есігін айқара ашты. 

Мұнда 27 сәуірге дейін әлемнің жетекші концерндері өздерінің жаңа өніміндерін паш етеді.

«Hyundai, Kia, Subaru, Toyota тәрізді компаниялар 10-нан астам модельдің тұсаукесерін дәл осы Нью-Йорктегі көрмеде өткізеді. Солардың ішінде басты назарда – электрокарлар мен өздігінен жүретін көліктер болмақ. Сонымен қатар биылғы мотор-шоуда еуропалық концерндердің ішінен Volkswagen  жаңа үлгілерін ұсынады», - дейді шараны ұйымдастырушылар.

Марк Шинберг, Нью-Йорк Халықаралық автокөлік көрмесінің Президенті:

- Бұл көрмеде көлік құрастырушы компаниялар көпшілік назарына темір тұлпардың түр-түрін ұсынады. Сапасы мен бағасын салыстыруға мүмкіндік болады. Кейінгі жылдары электрмобильдер мен өздігінен жүретін көліктерге адамдардың қызығушылығы жоғары.

АҚШ Президенті Дональд Трамп сырттан келетін көліктерге баж салығын көтерді. Соған қарамастан, биыл ауқымды көрмеге қатысушы азиялық концерндер жылдағыдай көп. Ал Қытай бірлестіктері көліктерінің жаңа үлгілерін автосалонға әкелген жоқ. Сарапшылар: «бұған Вашингтон мен Бейжің арасындағы сауда текетіресі себеп», - деп санайды. Айта кетейік, Нью-Йорк автосалоны биыл өзінің 125 жылдығын атап өтті.

Марк Шинберг, Нью-Йорк Халықаралық автокөлік көрмесінің Президенті:

- Нью-Йорк автосалоны алғаш рет 1900 жылы бұрынғы Мэдисон-Сквер-Гарденде ашылған болатын. Сол кезде көрмеге 69 көлік өндіруші қатысқан еді. Бүгінде олардың саны әлдеқайда аз. Алғашқы көрмеде көпшіліктің назарына бу және электр қуатымен жүретін темір тұлпарлар ұсынылған. Кейін нарықты  бензинмен қозғалатын көліктер жаулап алды. 

Биыл 18 сәуірде ашылған Нью-Йорктегі 125-ші дәстүрлі  көлік көрмесі 27 сәуірге дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар айтулы шараны тамашалауға жүз мыңдаған адам келеді деп жоспарлап отыр.