«Орталық Азия - Шығанақтағы Араб мемлекеттері кеңесінің» екінші саммиті өтеді
5 мамырда Самарқан қаласында «Орталық Азия - Шығанақтағы Араб мемлекеттері кеңесінің» екінші саммиті өтеді.
Жиынға ел Президенттері мен халықаралық ұйым өкілдері, бизнес қауымдастық қатысады деп жоспарланған. Саммитте экономикалық һәм транзиттік әлеуетті арттыру мүмкіндігіне басымдық берілмек. Үлкен жиын алдында Ташкентте аналитикалық орталықтардың алғашқы форумы өтті. Сарапшылар Орталық Азия мен шығанақтағы Араб мемлекеттерінің ортақ көзқарастарын бағамдап, мүмкіндіктерін талқылады.
Жаһанда шығанақ елдерінің саяси ықпалы, экономикалық және инвестициялық әлеуеті зор. Сауд Арабиясы, Оман, Катар, Кувейт сияқты қуатты елдердің Орталық Азияға салған инвестиция көлемі 10 млрд доллардан асады. Капиталдың 60 пайызға жуығы Қазақстанға құйылған.
Асқар Нұрша, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары:
- Бір-бірімізді білетін сияқтымыз, бірақ әркім өз ақпараттық кеңістігінде өмір сүреді. Жақсы тануға жеткен жоқпыз. Сондықтан сарапшылардың осындай форматтағы жиындары бізге көп ақпарат береді. Көзқарасымызды білдіріп, диалог орнаттық. Жалпы елдер туралы түрлі түсініктер болады. Ал оны сырттай емес, көзбен көріп, іштей тану мемлекеттердің өзара байланысына жол ашады деп ойлаймын.
Саммит Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі аймақтық ынтымақтастығын арттырып, өңірдің жаһандық маңыздылығын күшейтуге ықпал етеді. Байланыстарды тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сарапшылар Самарқандағы саммит аймақтың транзиттік әлеуетіне тың серпін береріне сенімді.
Умрбек Юсупов, Орталық Азия Халықаралық зерттеулер институтының бас ғылыми сарапшысы:
- Соңғы жылдары Орталық Азия плюс форматындағы жиындар жиілей түсті. Бұл дегенміз аймақтың әлеуеті артып отыр. Бізбен диалог орнатып, экономикалық байланыстырды нығайтқысы келетіндердің қатары артып, географиясы кеңи түсті. Орталық Азия бүгінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын үлкен нарық болды. Шығанақтағы Араб елдерінің сарапшыларымен диалогымыз сәтті өтті. Бұл басқосу дәстүрге айналады деп сенеміз.
Орталық Азия - Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастығының алғашқы саммиті 2023 жылы Сауд Арабиясында ұйымдастырылды. Самарқандағы жиында екі жылда атқарылған жұмыстар қортындыланып, жаңа жоспарлар бекітіледі.