Жапонияда күріш бағасы шарықтап тұр
Жапонияда күріштің қымбаттағаны соншалық, оны сырттан жеткізу әлдеқайда тиімдірек болып тұр.
Мемлекет кейінгі 26 жылда алғаш рет өнімді Оңтүстік Кореядан импорттай бастады. Ауа райының қолайсыздығынан өнім аз жиналған. Сосын туристердің көбеюіне байланысты сұраныс та артқан. Блумберг агенттігінің хабарлауынша, күріштің бағасы бір жылда 92 пайызға өскен. Қазір дүкендерде 5 келісі біздің ақшамен 15 мыңға сатылып жатыр. Енді билік жағдайды тұрақтандыру үшін ұлттық қордағы өнімді сатылымға шығаруға ниетті. Күншығыс елінде ондай қор 30 жыл бұрын құрылған еді. Өйткені 1993 жылы жаз ерекше салқын болып, жапондар ең көп тұтынатын өнімін шетелден импорттауға тура келген.