Қазақстандық диаспора ұлттық құндылықтарды насихаттап жүр

Ресейдің қиыр батысында орналасқан Калининград облысында үлкен қазақстандық диаспора тұрады.

Көбі өзге ұлт өкілдері болса да әлі күнге дейін қазақи салт-дәстүрді сақтап, ұлттық құндылықтарымызды насихатап жүр.1 млн-нан аса халқы бар Калининградта ресми дерек бойынша, Қазақстаннан көшіп келген 110 мыңнан аса адам тұрады. Алайда бейресми мәліметке сай, бұл көрсеткіш одан екі есе көп. Жергілікті тұрғындар: «мұнда әрбір үшінші тұрғын – Қазақстанда туып, өскендер», - дейді.

Андрей Выползов, саясаттанушы

- Калининградта қазақстандықтардың көп болғаны сонша, жаңа губернаторымыз Алексей Беспрозванных та Риддерде – бұрынғы Лениногорскіде туған. «Сондықтан қазақстандықтар арасынан

ақыры өзіміздің губернаторымыз сайланды» , - деп әзілдейміз.

Калининградтағы қазақстандық диаспора өте ұйымшыл. Мәдени және қоғамдық шараларға да белсенді қатысады. Жергілікті қауымдастық өкілдері: «барлығының басын қазақ жеріне деген сағыныш біріктіреді», - дейді. Көбінің ұлты орыс болғанына қарамастан туған жерді еске алып қана қоймай, еліміздің ұлттық құндылықтарын насихаттап отырады.

Кристина Ильина, Калининград облысындағы қазақ диаспорасы төрағасының орынбасары: 

- Біз түрлі фестивальдер ұйымдастырамыз. Балалар үйіне барамыз. Қазақ ертегілері аясында тақырыптық кездесулер өткіземіз. Қазақстаннан келгендер бір-бірімен жақсы араласады. Олар қазақтардың қонақжайлылығы мен жылулығын сағынады.

Кёнигсбергті, яғни қазіргі Калининград қаласын немістерден азат ету шайқасына қатысқан қазақстандық жауынгерлердің ерлігі де тұрғындардың мәңгі есінде. Шаһарда Қазақстан тумасы, Кеңес Одағының батыры Төлен Қабыловқа арналған мемориалдық тақта орнатылып, көше аты берілген.