Сеулде Орталық Азия туралы кітап таныстырылды
Оңтүстік Корея астанасында «Орталық Азия. Шымылдық ашылады» кітабының тұсаукесері өтті.
Публицист, театр өнері ғылымының докторы Ким Джу Ённың туындысы «Корея – Орталық Азия» ынтымақтастық форумы хатшылығында таныстырылды. Онда автор 2022 жылдан бастап Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға, саяхаты кезінде алған әСерлерімен бөліскен. Қазақстанда оны ұлы ақын Абай Құнанбаевтың шығармашылығы ерекше тәнті еткен. Сондай-ақ түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт, еркін өмір сүретіні таңғалдырған. Іс-шараға қатысқан Қазақстанның Корея Республикасындағы елшісі Нұрғали Арыстанов, доктор Ким Джу Ённың еңбегі, жергілікті халықтың Орталық Азияға деген қызығушылығын арттыра түсетінін атап өтті.
Нұрғали Арыстанов, ҚР Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Біздің мақсатымыз – Астана, Алматы және Шымкент қалаларын Сеулмен байланыстыру. COVID пандемиясынан кейін тек Алматыға рейс болған. Өткен жылы Астана-Сеул бағытында тікелей рейстер қайта ашылды. 7 сәуірде бюджеттік әуе тасымалдаушы Сеулден Алматыға ұша бастады. Сонымен қатар «Эйр Астана» және «Азиана Эйрлайнс» қатынайды. Ал 29 мамырдан бастап «Скат» әуе компаниясы Шымкент – Сеул бағытындағы тікелей рейстерді іске қосады.
Ким Джу Ён, кітап авторы:
- Мен Абайдың ескерткішін алғаш рет көргенде: «Бұл кім?» деп сұрадым. Сол кезде такси жүргізушісі қатты ренжіп: «Сіз Қазақстанда жүріп, Абайды білмейсіз бе?» – деді. Сол сәттен бастап мен Абай туралы зерттей бастадым. Абай – қазақ халқының ұлы рухани тұлғасы екенін түсіндім. Қазір ақынның өлеңдерін үнемі оқимын және оны корей халқына кеңінен таныстыруға тырысып жүрмін.