Өзбекстанда мемлекет меншігі сатылымға шығарылды

Өзбекстанда құны 30 трлн сумға бағаланған мемлекеттік компаниялар мен жер телімдері сатылымға шығарылды.

Оның ішінде 115 кәсіпорын, 659 тұрғын үй субьектісі мен 6100 гектар жер учаскесі бар. Сондай-ақ мемлекеттің қатысуымен 2030 жылға дейін кәсіпорын ашуға мораторий жарияланды. Тиісті құжатқа мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев қол қойды. Ал егер сатылымға қойылған кәсіпорындар 6 айдың ішінде жекенің қолына өтпесе, нарықтық бағаны 50 пайызға төмендетіп өткізу көзделіп отыр. Осылайша мемлекет экономикалық реформа арқылы бюджет бүйірін толтыруды мақсат етеді. Жалпы Өзбекстанда тәуелсіздік алғалы 5 мәрте жекешелендіру науқаны жүрген. Алайда олар нәтижесіз аяқталды. Көп ретте кәсіпорын нарық құнынан жоғары бағаланып, компаниялар сатылмай қалды. Жаңа заң мұндай кедергілерді болдырмауға бағытталып отыр.