«Эльба рухы» ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті
АҚШ-тың Арлингтон мемлекеттік зиратындағы «Эльба рухы» ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Ол - 1945 жылдың 25 сәуіріндегі кеңестік және америкалық сарбаздардың Германиядағы Эльба өзені бойында кездескен сәтін айшықтайтын бірегей мемориал. Тақтада «ескерткіштің одақтас қарулы күштердің зұлымдыққа қарсы күш біріктіріп, күресуіне арналғандығы» жазылған. Іc-шара үш жылдық үзілістен кейін қайта жанданды. Батырлар рухына тағзым етуге АҚШ-тың мемлекеттік департаменті, Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан елдерінің елшілері, қорғаныс саласының мамандары мен ардагерлер ұйымының өкілдері қатысты. Арасында 99 жастағы америкалық ардагер Фрэнк Кон да болды.
Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Біз Қазақстан елшілігі атынан Арлингтон ұлттық зиратында Америка құрама штаттары мен Кеңес одағы әскерлерінің Эльбі өзені үстінде кездескендеріне орай 80 жылдық іс-шараны атап өтуге қатыстық. Бұл - адамзаттың үлкен жеңісіне Қазақстанның да қосқан зор үлесі. Біздің, Қазақстаннан шыққан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бас идік. Үлкен жеңістің біз үшін де үлкен маңызы бар екенін білдірдік.