Израиль Газаға гуманитарлық көмекті кіргізуге рұқсат етуі мүмкін
Израиль алдағы уақытта Газа секторына гуманитарлық көмекті кіргізуге рұқсат беруі мүмкін. Америкалық The Wall Street Journal басылымының хабарлауынша, еврей еліне халықаралық қауымдастық тарапынан қысым күшейген.
Себебі наурыздың басында Газа төңірегіндегі бақылау-өткізу бекеттерін жауып тастағалы мұнда азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры таусылған. Қазір ұнның жоқтығынан аймақтағы наубайхананың бәрі жабық. Израиль билігінің айтуынша, бұған дейін жеткізіліп отырған гуманитарлық көмекті ХАМАС мүшелері қара нарықта сатып, ақшаны өзінің әскери операцияларына жұмсаған. Сондықтан арнайы аймақ құрып, келген көмекті бөліп таратумен америкалық ұйымдардың айналысу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ал әзірге шекарада гуманитарлық жүк тиелген 3 мыңдай көлік Газаға кіре алмай тұр.