Үнді-Пәкістан шиеленісі әлемді алаңдатты

АҚШ Президенті Дональд Трамп Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығысты орынсыз әрекет деп бағалады.

Бұлай деп ол Ақ үйдегі журналистермен кездесуінде айтты.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Бұл өте ұят, масқара. Бірақ көпшілік бұл жағдайдың болатынын алдын ала сезсе керек. Үндістан мен Пәкістан ондаған жыл бойы араздасып келеді. Тіпті жүздеген жылға таяп қалған болуы мүмкін. Бұл текетірес тез арада шешіледі деп үміттенемін. 

Жапония

Жапония да қос мемлекет арасында жағдайдың шиеленісуіне қатысты пікір білдіріп, алаңдаушылығын жеткізді. Тараптарды ұстамдылыққа шақырды. Себебі Нью-Делидің қызбалығы Исламабадпен аймақтық қақтығыстың өршуіне әкелуі мүмкін дейді.

Ёсимаса Хаяси, Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы:

- Біз жағдайдың әрі қарай ушығып, мұның соңы ауқымды әскери қақтығысқа ұласа ма деп алаңдаймыз. Оңтүстік Азия аймағында бейбітшілікті қамтамасыз ету үшін Үндістан мен Пәкістанды сабырлылық танытып, мәселені диалог орнату арқылы шешуге шақырамыз. 

ҚХР

Қытай билігі тараптарды жағдайды ушықтыратын әрекеттен аулақ болуға үндеді. Олар өз мәлімдемесінде лаңкестік әрекетке қарсы екенін баяндап, екі елдің бейбітшілікті сақтауға күш салу керектігін атап өтті.