Үндістан мен Пәкістан арасындағы ахуал ушығып тұр

Бүгін түнде Пәкістан қарулы күштері Үндістанмен арадағы шекарада оқ атты, деп хабарлайды 24kz.

Екінші тарап та дәл солай жауап қайтарды. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

Екі ел арасындағы жағдай 2 апта бұрын ушығып кетті. Нью-Дели лаңкестерге көршілес елдің билігі қолдау білдіргенін айтады. Бірақ Исламабад бұл айыптарды жоққа шығарып отыр. 7 мамырға қараған түні Үндістан «Синдур» операциясын бастап, көрші елдің 9 нысанын зымыранмен соққылады. Шабуылдан 31 адам қаза тауып, 50-ге жуығы жараланған. Пәкістан үндістандық 5 жойғыш ұшақты атып түсіргенін айтады. Сондай-ақ соққыларға жауап қайтаратынын де ескертті.

ахбаз Шариф, Пәкістан премьер-министрі:

- Үндістан қателікке жол берді. Енді сол үшін жауап беруі керек. Үндістан кінәсі жоқ адамдарға шабуыл жасап, өзін күшті сезінгісі келеді. Бірақ біз батылдық танытып, қарсы тұруға дайынбыз.

Раджнатх Сингх, Үндістан қорғаныс министрі:

- Үндістан жауынгерлері асқан дәлдікпен соққылар жасады. Олардан бейбіт тұрғындар зардап шеккен жоқ. Біз азаматтарымызға шабуыл жасаған қаскөйлердің лагерьлері мен инфрақұрылымдарын соққыладық.

Екі ел арасындағы жағдайдың ушығуына әлемдік қауымдастық алаңдаулы. Екі мемлекетте де ядролық қару бар. Еуроодақ өкілдері қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге шақырып отыр. Ал Дональд Трамп қос тарапқа шиеленсті шешуге көмектесуге дайын екенін жеткізді.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Бұл сұмдық жағдай. Мен қос тараппен де жақсы қарым-қатынастамын. Екі жақтың бұл мәселені қалай шешетінін көргім келеді. Жағдайды одан әрі ушықтырмай, осы жерден тоқтаса екен деймін. Егер шиеленісті реттеуде өз үлесімді қоса алсам, онда мен көмектесуге дайынмын.