Волгоградта қазақстандық жауынгерлерге ескерткіш ашылды
Ресейдің Волгоград облысында Сталинград үшін шайқаста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерге мемориал ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Салтанатты рәсімге Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук қатысты. Олар Мамай қорғанында, Сталинград қорғаушыларына тағзым етіп, гүл қойып, естелік кітапқа жазба қалдырды.
Қазақстан делегациясының Волгоград облысына ресми сапары Ресейдің басты әскери ескерткіштерінің бірі Мамай қорғанынан басталды. Онда Сталинград шайқасында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, рухтарына тағзым етті. Майданда мерт болғандардың арасында мыңдаған қазақстандық сарбаз бар.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
- Қазақстан Президентінің тапсырмасымен ресми делегацияны Волгоградқа бастап келдім. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары 1 миллион 200 000-нан аса қазақстандық майданға аттанды. Олардың жартысынан көбі оралмады. Шамамен 270 мың адам хабар-ошарсыз кетті. Бұл сапар мен үшін айрықша мәнге ие. Менің атам да осы жерде қаза тапқан.
Әр тасқа қашалып жазылған есімнің артында үлкен тағдыр, тарих жатыр. 83 жастағы Маржан Қазиева 40 жылдан астам уақыт бойы 1155-ші атқыштар полкінің жауынгері болған әкесінің бейітін іздеген. Сөйтіп, оның зиратын тек үш жыл бұрын ғана тапқан. Азамат Қазиев Сталинград үшін шайқаста дәл осы биіктікте көз жұмған.
Маржан Қазиева, майданда қаза тапқан жауынгердің қызы:
- Көзге еріксіз жас келеді. Әкем майданға менің сәби кезімде аттаныпты. Содан бері қаншама уақыт өтсе де, қазір әкемді бірінші рет көргендей әсердемін.
Сұрапыл соғыс елдің әр шаңырағына әсер етті. Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук сол заманда анасының отбасы бастан кешкен қиындығымен бөлісті.
Алексей Оверчук, РФ Үкіметі төрағасының орынбасары:
- Соғыс басталғанда анам небәрі алты жаста болған. Олар әжесі және үш жастағы ағасымен бірге Қазақстанға эвакуацияланып, аман қалды. Осы үшін Қазақстанға деген алғысын өмір бойы сақтап, бізге, ұрпақтарына дейін жеткізді.
Мамай қорғанындағы Әскери даңқ залында 120 қазақстандықтың есімі жазылған. Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіровке арналған ескерткіш тақта орнатылған. Ресейдің ең биік нүктесінде қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткіш белгі де бар. Ал Волгоград қаласындағы бір көшеге «Қазақ» атауы берілген.
Борис Усик, Сталинград шайқасын зерттеу орталығының басшысы:
- Қазақстан Сталинград шайқасына әскермен бірге техника, қару-жарақ, қажетті құрал-жабдықтармен жәрдемдесті. Бұл нағыз қолдау білдірудің керемет үлгісі болды.
Сталинград шайқасында қаза тапқан немесе хабарсыз кеткен туыстарының тағдырын біліп, олардың жатқан жерін табуға тырысып жүргендер көп. Жақында бірнеше елдің іздеушілерінен құрылған топ 84 жауынгердің сүйегін тапты.
Авторлары: Фариза Жанғанева, Дана Нұржан, Шахзод Гамиров