Пәкістан Үндістанның бірнеше аймағын бомбалады

Пәкістан Үндістанға қарсы әскери операция бастады. Бұл туралы елдің қарулы күштері мәлімдеді. Ресми Исламабад мұны «Үндістан тарапынан жасалған шабуылға қарымта жауап» деп атады. Әскери операция кезінде Үндістанның әскери нысандарына соққы жасалған. Оның ішінде зымырандар қоймасы мен Адампур әуе базасы атқыланып, жойылғаны айтылады.

Ахмед Шариф Чаудхри, Пәкістан қарулы күштерінің ресми өкілі:

- Пәкістан қарулы күштері Үндістанның шабуылына қарсы төтеп беруге даяр. Біз осыған дейін де айтқанбыз. Қазір тағы қайталағым келіп тұр. Пәкістан әскері кез келген жағдайға әзір. Егер Үндістан қақтығысты жалғастырғысы келсе, оған қарсы тұрамыз. Олардың әр шабуылына бірден жауап қайтарылады.

Пәкістан күштері әскери нысанардан бөлек Үндістанның Кашмир аймағындағы кей әкімшілік ғимаратты нысанаға алған. Салдарынан осы өңірдің даму комиссары Радж Кумар Таппа қаза болды. Тағы екі шенеунік жараланды. Пәкістан тарапы бұдан бөлек Джамму және Кашмирдегі Пундж, Раджури және Патханакот аудандарын бомбалаған.

Сауалнама:

- Қатты жарылысты естіп, сыртқа жүгіріп шықтық. Көршілеріміздің көліктерінің быт-шыты шықты. Бір адам қатты жарақат алды. Енді бәріміз қорқып отырмыз.

- Бүгін осындай атыс болатынын сезгендей едім. Зымыран суды сақтайтын жерге түсті. Төрт-бес қирап қалды.