2025 жылы шикізат нарығы төмендеуі мүмкін
Жаһандық шикізат нарығы құбылып тұр.
Биылғы көрсеткіш кейінгі 50 жылда болмаған деңгейге төмендеуі мүмкін, дейді сарапшылар.
Сарапшылар текке айтпаған болу керек. Дүниежүзілік банк баяндамасында "әлемде инфляция бәсеңдегенімен шикізат экспорттаушы елдер үшін қиын кезең басталуы мүмкін" деп болжаған.
Сөйтіп, нарық қалай құбылады?
Коронавирус пандемиясынан кейін өсім көрсеткен шикізат нарығы қайта құлдырап барады. Бұған әлемдік экономика қарқынының баяулауынан сұраныстың азаюы түрткі болған. Дүниежүзілік банктың болжамы бойынша 2025 жылы шикізат құны 12 пайыз, ал 2026 жылы 5 пайыз төмендейді. Мұны бүгінде энергетикалық тауарларының бағасынан да аңғаруға болады. Дүниежүзілік банктің мұнай бойынша соңғы болжамы көңіл көншітпейді. Оның бір баррелі 64 доллар болады деп топшылап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17 долларға арзан.
Фил Кенворти, Дүниежүзілік банктің бас экономисі:
- Бағаның төмендеуі негізінен энергетикалық шикізат бағасының құлдырауымен байланысты. 2025 жылы олардың құны 17 пайыз төмендейді. Мұндай көрсеткіш соңғы бес жылда тіркелген емес. Әлемде электр көліктері көбейгеннен мұнайға деген сұраныс азайды. Сондай-ақ, оған экономикалық өсімнің баяулауын қосыңыз. Соңғы 50 жылда шикізат нарығында баға бұлай құбылған емес.
Қазір қара алтынға сұраныс күн сайынғы ұсыныстан 700 мың баррельге төмен. Ал Қытайда өткен жылы сатылған темір тұлпарлардың 40 пайызы электр қуатымен жүретін немесе гибридті болғанын ескерсек, электромобильдер мұнай дәуірінің аяқталуын расымен жеделдетіп жатқан сыңайлы. Шикізаттың арзандауы жаһандық инфляция қарқынын бәсеңдетуі мүмкін. Болжам бойынша биыл азық-түлік бағасы 7 пайыз, келер жылы 1 пайыз арзандайды. Десе де, сарапшылар бұл әлемдегі азық-түлік жетіспеушілігі мәселесін толық шешуге көмектеспейді дейді.
Фил Кенворти, Дүниежүзілік банктің бас экономисі:
- Шикізат бағасының арзандауы АҚШ пен Қытайдың сауда текетіресіне байланысты инфляциялық тәуекелдерді азайтуы мүмкін. Бірақ бұл шикізат экспорттаушы, яғни дамушы елдердің үштен екісінің экономикасы үшін жақсы емес. Олар бизнес ортаны ынталандырып, сауданы ырықтандыру және қатаң бюджеттік саясатқа көшу арқылы ғана экономикалық ахуалды түзей алады.
Дүниежүзілік банк сарапшыларының сөзінше, шикізат нарығындағы баға бұрынғыдай 4 жылда емес, енді екі жылда бір өзгереді. Соңғы 50 жылдан бері байқалмаған баға құбылмалылығы дамушы елдер үшін үлкен сын болмақ. Сарапшылар: "Ендігі кезекте экспорттаушы елдер ұзақ мерзімді стратегия құрып, өзгерістерге дайын болуы керек", - дейді.
Зайнұр Байжігіт