Ресей Украинаны тікелей келіссөзге шақырды
Осы бейсенбіде, яғни 15 мамыр күні Ыстамбұлда Ресей мен Украина арасында тікелей келіссөз өтуі мүмкін.
Ұсынысты Кремль басшысы Владимир Путин жасаған.
Ол "бұл кездесу бейбітшілік орнатуға алғашқы қадам болмақ" деп мәлімдеді. Украина тарапы бүгіннен бастап оқ ату толық тоқтатылса, диалогқа дайын екенін жеткізген. Араағайындықты Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған қолға алды.
Ресей басшысы Украинамен келіссөз алдын ала ешқандай шарт қоймастан өткізуге болады дейді. Ол бұл мәлімдемесін Кремльдегі баспасөз мәжілісінде жасады.
Владимир Путин, Ресей Президенті:
"Біз Украинамен арадағы келіссөзге үлкен мән беріп отырмыз. Ондағы ниетіміз қақтығыстың әуелгі себебін жойып, ұзақ мерзімді және тарихи маңызды бейбітшілік орнатуға бет бұру. Бұл келіссөздер барысында жаңа бітімге келіп, оқ атуды тоқтатуға болатынын жоққа шығармаймыз."
Киевтің жауабы көп күттірмеді. Украина президенті Владимир Зеленский диалогқа дайын, бірақ шарты бар екенін жеткізген. Бұл үшін Мәскеу бүгіннен бастап оқ атпайтынына сендіруі керек. Мұндай талапты халықаралық коалиция да қойған болатын.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
"Біз Ресейден нақты жауап күтеміз. Ресей соғысын тоқтауы керек. Біз келіссөз жүргізудің кез келген форматына дайынбыз. Мен Түркияда осы бейсенбіде 15 мамырда боламын және Путинді Түркияда күтемін. Біз соғысты тоқтату үшін сөйлесуге әзірміз. Мұны Трамп та, барлық көшбасшылар да қолдап отыр."
Дональд Трамп бұл апта үлкен бетбұрысқа әкеледі деп сенетінін мәлімдеді. Эмманюэль Макрон да оқ атуды толық тоқтатып, толыққанды диалогқа жол ашу қажет екендігін атап өтті.
Д. Трамп
"Ресей мен Украина үшін ұлы күн туғалы тұр! Осы қанды қырғын тоқтаса, жүздеген мың адамның өмірі аман қалатынын ойлаңыздар. Мен екі тараппен де жұмыс істеп жатырмын. АҚШ қалпына келтіру және сауданы жаңғырту ісіне білек сыбана кірісуге дайын. Бізді өте маңызды апта күтіп тұр!"
Э. Макрон
"Біз президент Трамппен бірге оқ атуды ешқандай шартсыз 30 күнге тоқтату туралы нақты ұсыныс жасадық. Президент Зеленский бұған келісті. Атыс-шабысты тоқтатпай, келіссөз туралы сөйлесу мүлде мүмкін емес. Оқ атуды дәл қазір тоқтату қажет."
Егер Ресей мен Украина басшылары Ыстамбұлда кездессе, онда бұл осындай ауқымдағы алғашқы тікелей келіссөз болмақ. Сарапшылар бұл қақтығысты әрі қарай бейбіт реттеуге жол ашар еді деп есептейді.
Ернат Рахметолла, Райхан Серікова