Қытай мен АҚШ Женевада өткен сауда келіссөзінде оң нәтижеге қол жеткізді

Қытай мен Америка Құрама Штаттары Женевада өткен сауда келіссөзінде оң нәтижеге қол жеткізді.

Бұл туралы кездесуде үйлестіруші болған Қытай Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэн мәлімдеген. АҚШ тарапын Қаржы министрі Скотт Бессент бастап барды. Лифэннің айтуынша, олар экономикалық және сауда мәселелері бойынша кеңесуді жалғастыру үшін екіжақты тетік құруға уағдаласқан. Келісімнің егжей-тегжей жақын арада жарияланбақ. Бұл сәуірде екі елдің арасында басталған тарифтер текетіресінен кейінгі алғашқы ресми кездесу. Осының алдында Трамп Қытай тауарларына салынған салық көлемін 145%-тен 80%-ке төмендету мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан болатын.

Хэ Лифэн, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері:

- Қытай мен АҚШ-тың ортақ күш-жігерінің арқасында келіссөздер жемісті өтті. Біз тең құқықты диалог пен кеңесу арқылы келіспеушіліктерді реттеуде маңызды қадам жасадық. Бұл әрі қарайғы ынтымақтастыққа жол ашты.