Женевада АҚШ – Қытай келіссөзі өтті. LIVE
АҚШ пен Қытай ымыраға келе бастады. Женевадағы келіссөз нәтижесі әлемдік экономикаға алғашқы күннен бастап оң ықпалын тигізіп жатыр. Тараптар өзара тарифтерді уақытша жеңілдетіп, жаңа келіссөз алаңын құруға уағдаласқан еді. Осыдан кейін қор нарықтарында өсім байқалды: Dow Jones пен S&P 500 индексі 1-ден 3%-тей мөлшерде өссе, Nasdaq 4%-тен жоғары шамада ілгерілеу барын байқатты.
Бұдан кейін доллар да беки түсті. Нарықтың беті бері қарағанымен, екі алыптың арасындағы сауда дауы аяқтала қойған жоқ.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Женевада Қытаймен өткізген мазмұнды келіссөздерден Вашингтон мен Бейжің екі жақты қарым-қатынасты толығымен қайта жаңғыртқандай болды. Екі тарап та 2 сәуірден кейін енгізілген тарифтерді 90 күнге 10% деңгейінде шектеуге келісті. Демек сауда соғысы әлі аяқталған жоқ. Яғни бұрыннан қолданыстағы тарифтер әлі сақталады. Көлік, болат, алюминий сияқты салаларға салынған тарифтерге де, фармацевтика өнімдеріне қатысты енгізілуі мүмкін тарифтерге де әсер етпейтін болды. Себебі бүгін таңертең Дональд Трамп осы мәселеге қатысты жарлық шығарып, АҚШ-тағы дәрі-дәрмектің бағасын төмендетуге тырысып жатыр және оларды өндіретін компанияларды да елге қайтарғысы келеді. Осы секілді жоспарларын келесі видеодағы пікірінен білуге болады.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Біз фармацевтика өндірісін АҚШ-қа қайтарғымыз келеді және ол процесс қазірдің өзінде басталып кетті. Көптеген компаниялар 25%, 50%, тіпті 100% тариф төлемеу үшін өндіріс орындарын АҚШ-қа көшіріп жатыр. Бүгін таңертең мен Apple компаниясының бас директоры Тим Кукпен сөйлестім. Ол 500 миллиард доллар инвестиция көлемін ұлғайтпақ. Apple компаниясы АҚШ-та бірнеше зауыт салуды жоспарлап отыр. Мен бұл бастаманы шынымен асыға күтемін. Женевадағы келіссөздер достық рәуіште өтті. Біз Қытайға зиян келтіруді көздеп отырғанымыз жоқ. Апта соңында Президент Симен сөйлесемін. Талқылайтын маңызды мәселе көп.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Ертең Таяу Шығысқа аттанып бара жатқан президент Трамп шамамен сол сапарды аяқтап болған соң Қытайдағы әріптесімен сөйлесуді ұйғарған секілді. Оған қоса қазір Вашингтонда SelectUSA инвесторлар форумы өтіп жатыр. Сол жиын аясында осы келіссөздер бойынша АҚШ-тың әртүрлі штаттарындағы билік өкілдерімен, сауда палатысының сарапшыларымен де сөйлесіп көрдік. Олар Қытайға қатысты саясатта президенттің не ойлағанын болжап білу мүмкін емес деп отыр.
Майк Данливи, Аляска штатының губернаторы:
- Қазір әлеміміз өте құбылмалы болып кетті. Келесі апта ұйқыңыздан оянып жатқанда Қытаймен тарихи келісімге келдік деген жаңалық шығып жатуы мүмкін. Бұл қазіргі Қытайдың АҚШ нарығында оқшаулау қалуын өзгертуі әбден мүмкін.
Енді белгіленге тоқсан күн ішінде тауар айналымындағы 300 млрд долларлық теңсіздікті және фентанил есірткісіне қатысты саясатты қатайту мәселесін қарастыратынын Ақ үй өкілдері жеткізіп отыр. Дональд Трамптың келіссөз жүргізу стилінде дедлайндар әртүрлі рөл ойнайтынын ескерсек, алдағы үш ай тағы да толқуға толы болатын сияқты.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Иә. Тараптар бірнеше ай айқастан кейін ортақ шешімге келген сыңайлы. Бұған дейін АҚШ қанша қысым көрсетсе де, Қытай өз дегенінде тұрып алды. Тіпті қарсы тарифтер енгізілді. Бірақ Қытай тарапы екі ел арасындағы сауда текетіресін тек келіссөз арқылы шешуге болатынын о баста ескерткен еді. Түптеп келгенде Қытайдың дегені болып отыр. Жалпы сауда соғысын тоқтатуға екі тарап та мүдделі. Себебі аз уақыт ішінде эконономика мен сауда-саттық жүйесі бұзылып, ірі экспорттаушылар қыруар шығынға батты.
Сонымен Қытай мен АҚШ арасындағы келіссөздер нәтижесінде Вашингтон салықты 30%, ал Бейжің 10%-ке дейін қысқартады. Бұл өзара тарифтердің төмендеуі 90 күнге дейін болды. Сонымен қатар Қытай биылғы жылдың екінші сәуірінен бастап енгізілген АҚШ-қа қарсы тарифтік емес шешімдерін тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешімдер 14 мамырдан бастап күшіне енеді. Сондай-ақ қос ел экономикалық және сауда мәселелері бойынша кеңесуді жалғастыру үшін екіжақты тетік жасауға уағдаласып отыр. Жалпы сауда соғысы басталғалы Қытай билігі тауар экспорттаушы өндіріс орындарына қолдау көрсетуді күшейткен еді. Нақты айтсақ, экспортқа арналған тауарларды ішкі нарыққа бұрып, бірқатар жобаны жүзеге асырып отыр. АҚШ-тан қайыр болмаған соң 150-ге тарта мемлекетпен сауда қарым-қатынасын нығайтуға кіріскен. Оның ішінде Африка құрлығынан бастап Еуропа, Орталық Азия мемлекеттері де бар. Дегенмен Қытай қоғамында пікір әртүрлі. Кейбір сарапшылар қуануға әлі ерте десе, енді бірі сең қозғалды деп отыр.
Ху Цзе, сарапшы:
- Біздің қоғам Қытай мен АҚШ арасындағы келіссөз нәтижесіне таңғалып жатыр. Бұл келіссөз кем дегенде бірнеше айға созылады деп күткен едік. Алайда небәрі екі күн ішінде маңызды келісімдерге қол жетіп отыр. Мәселе 100% шешілмесе де, бұл үлкен көрсеткіш. Менің ойымша, бұл әлемдік экономика мен нарыққа оң ықпал етері сөзсіз.
Чжао Чжунсю, сарапшы:
- Бұл, әрине, қуантады. Екі күн ішінде осындай нәтиже болады деп ешкім күткен жоқ. Менің ойымша, АҚШ амалсыз барып отыр. Өйткені нарықтық қысым астында қалып отыр. Тұтынушылар мен өндірушілер мәселесі, тіпті порттардың жұмысы шатқаяқтай бастады. Сондықтан АҚШ уақыт жоғалтпауды ұйғарған сияқты. Ал Қытай бұл мәселеге о баста нақты шешімін айтқан болатын.
Қалай болғанда да Қытайдың ірі-ірі экспорттаушы кәсіпорындары мен бизнес қауымдастығында осындай дағдарыс жағдайларына иммунитет қалыптасқан. Олай дейтінім, текетірес басталғалы бұл мемлекетте бірде-бір шу шыққан жоқ. Қайта ың-шыңсыз бас қосып, тығырықтан шығудың амалын іздеп, мемлекеттік деңгейде бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Тіпті, міне, Женевадағы келіссөздерден кейін де «бөркін аспанға атып» жатқан ешкім жоқ. Керісінше, байыппен бағалап, әліптің артын бағып отыр.