Түркияда Ресей мен Украинаның келіссөз жүргізуіне мүмкіндік берілді

Түркия Ресей мен Украина арасында тағы да араағайындық етпек.

Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған Ресейдің Украинамен тікелей келіссөздер жүргізуіне мүмкіндік берілді деді. Бұл кездесуді әлем іштен тынып, күткен еді. Бірақ әзірге Түркияға мемлекет басшылары емес, делегация келетіні ғана жария болды. Тіпті осы мезгілде Түркиға таяу маңда іссапарда жүрген Дональд Трампта ұшақтың басын бұруы мүмкін деген болжамдар айтылған еді.  

Дегенмен, бұл қадам бір есептен Анкараның халықаралық аренадағы беделін айқындай түсті әрине. Бұл жайында сарапшылар не деп жатыр?

Фариза Жанғанаева, тілші:

- Шығыс пен Батыстың қиылысында орналасқан Түркия Еуропа, Ресей, Украина және Таяу Шығыс арасындағы көпір десек болады. Бұл ретте, сарапшы пікіріне сүйенсек, Қара теңіз Түркия үшін аймақтағы тұрақтылық, қауіпсіздік, сауда және энергетика тұрғысынан өте маңызды. Әрі НАТО-ға мүше елдердің ішінде Түркия Ресейге қатаң санкциялар енгізбеді және экономикалық байланыстарын жалғастырып келеді. Сондай-ақ, Украинаның егемендігін қолдайтынын да айта кеткен жөн. 

Расул Арин, саясаттанушы:

- Екі жақ үшін де Түркия жақсы одақтас деп айтуға болады. Себебі Ресеймен де қатты шиеленіскен қарым-қатынаста емес және Украинаның территориялық біртұтастығын қолдап отыратын мемлекет Түркия және де Түркия өзінің осы Таяу Шығыста, Жерорта теңізінде мықты күш екенін көрсетіп жүр. 

Араағайындық жасау арқылы ресми Анкара өз ұстанымын жаһандық ойыншы ретінде нығайтады және халықаралық аренадағы ықпалын арттырады. Сонымен қатар, делдалдық сауда, логистика және энергетикалық қауіпсіздік салаларында  экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады,-дейді сарапшы. 

Расул Арин, саясаттанушы:

- Түркияның Еуропа үшін беделі өседі. НАТО-ның мықты мүшесі ретінде Түркия Еуропаға өзінің қажет екенін көрсете алады. Түркияның мықты дәрежесін көрсетіп отыр. Себебі кез келген мемлекет олай делдал бола алмайды.

Түркия бұған дейін де Ресей мен Украина арасында бітімгер ролін бірнеше рет сәтті атқарды. Соның бірі "Астық келісімі". Бұл келісімге 2022 жылы Ресей, Украина, Түркия және БҰҰ қол қойған болатын. Соған сәйкес, халықаралық кемелер Украина порттарынан Қара теңіз арқылы дәнді дақылдарды тасымалдады. Мәміле бір жылдан астам уақытқа созылды. Бастапқыда келісім 120 күнге арналған еді. Кейін оның мерзімі ұзартылды. Алайда  БҰҰ, Түркия, Ресей және Украина арасында құрылған үйлестіру және бақылау орталығы бір жыл ғана жұмыс істеді.

Фариза Жанғанаева