Ыстамбұлдағы келіссөздерден Еуропа не күтеді?

Франция бүгіннен бастап Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге атсалысуға дайын.

 Бұл туралы еуропалық елдің Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро мәлімдеді. Жалпы еуропалықтар АҚШ-тың оқ атуды толық тоқтату ұсынысына жаппай қолдау білдірген. Бірақ Францияның Сыртқы істер министрі Владимир Путиннің Ыстамбұлдағы кездесуге келмеуін оның ұрыс қимылдарына нүкте қоюға ниетті емес екендігін білдіреді дейді. Бесінші республика билігі Ресейге қарсы санкцияларды күшейту керек ұстанымда. Олардың ойынша, бұл Кремльді тежеуші күшке айналады. Сондай-ақ Франция мен Ұлыбритания Украина мен Ресей арасындағы оқ атпау режимінің сақталуын қадағалау үшін бітімгер күштер құруды ұсынған. Еуропалық одақ астанасы саналатын Брюссель де Ыстамбұлдағы келіссөз барысын бақылап отырмақ. Бельгиядағы сарапшылар осы жолғы кездесу қос тарапты бітімге бастайды деп үміттенеді.Осының алдында Еуроодақ Ресейге қатысты 17 пакет санкция қабылдайтынын айтқан болатын. Оның аясында Балтық теңізіндегі 300-ге жуық танкердің жүріс-тұрысына шектеу қойылмақ. Еуроодақ Ресей оқ атпау режиміне келіспеген жағдайда аталған елдің мұнай мен газ өндірісіне қатысты жаңа санкциялар енгізуді күнтәртібіне шығаруға ниетті.