Ыстамбұлда Украина – Ресей келіссөзі өтеді. LIVE
Әлем назары Ыстамбұлда. Украина мен Ресей арасындағы ұзаққа созылған қақтығыстың тағдыры Жерорта теңізі жағалауында шешілуі мүмкін.
Келіссөздерге қатысады делінген ел басшылары әлі көрінбесе де, келісім үміті өшкен жоқ. Нақтырақ айтсақ, үміт пен күмән қатар өрбіп отыр. Қазір бізбен Түркия, АҚШ және Белгиядағы тілшілеріміз тікелей байланыста. Алдымен Түркиядан бастасақ.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Біз қазір Ыстамбұлдағы тарихи Долмабахче сарайының алдындамыз. Таңсәріден бері бұл жерде жүздеген әлемдік БАҚ өкілдері Украина мен Ресей арасындағы келіссөздердің басталуын күтіп отыр. Алайда осы уақытқа дейін келіссөзге қатысушы тараптардың ешқайсысы сарайға келген жоқ. Украина президенті Владимир Зеленский делегациясын Анкарада Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен өткізетін жеке кездесуден кейін ғана жіберетінін мәлімдеді. Дәл қазір Украина делегациясы Анкарадан Ыстамбұлға жолға шықты. Ал Ресей мен АҚШ делегациялары Ыстамбұлда жүргенімен, олар да әзірге келіссөз алаңына бет бұрған жоқ. Зеленский бүгін Ресейлік әріптесіне «Мен осындамын» деген қысқа әрі нақты хабарлама жолдап, бұл оның келіссөздерге дайын екенін тағы бір мәрте білдіреді.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Біздің делегация ең жоғары деңгейде жасақталған – құрамында Сыртқы істер министрлігі, Президент кеңсесі, әскери құрылымдар мен барлық барлау органдарының өкілдері бар. Бұл – күтілетін әрі әділетті бейбітшілікке қол жеткізуге бағытталған шешімдер қабылдау үшін қажет. Ресейлік делегацияның ресми деңгейі бізге белгісіз. Бірақ әзірге байқап отырғанымыздай, ол формалды немесе «декоративті» сипатқа ие секілді. Ердоғанмен кездесу аяқталған соң бізде бірнеше сағат болады – сол уақытта Ресей тарапынан нақты шешімдердің қабылдануы ықтимал деп ойлаймын.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Сарапшыларлың сөзінше, келіссөздердің күн тәртібінде Украина өз аумақтық тұтастығын қалпына келтіруді көздесе, Ресей Қырымның мәртебесі мен қауіпсіздік кепілдіктерін негізгі мәселе ретінде ұстануы мүмкін. Тараптар арасындағы ұстанымдар айтарлықтай алшақ болғанымен, бейбіт шешімге бастайтын жол әлі де ашық.
Хасан Басри Акдемир, сарапшы:
– Бүгін Анкарада Украина президенті Зеленский мен Түркия көшбасшысы Ердоған кездесу өткізіп, саяси шешімдерге жол ашуы мүмкін. Бұл келіссөздерден кейін Ыстамбұлда атысты тоқтату бойынша техникалық қадамдар күтілуде. Кешкісін Ердоған мен Путиннің тікелей сөйлесу ықтималдығы жоғары. Бұл келіссөздерге бүкіл әлем көз тігіп отыр – Қазақстан, Ресей, Украина, АҚШ және Еуропа елдерінің өкілдері осында. Себебі бұл тарихи бетбұрыс сәт болуы мүмкін.
Мұрат Генч, Медипол университетінің профессоры (Халықаралық қатынастар профессоры:
- Қазіргі жағдай бейбітшілікке бір қадам жақын көрінгенімен, отқа да жақындағандай. Бұл келіссөздер – ауыр, бірақ қажет диалог алаңы. Түркия белсенді арағайын рөлін атқарып отыр. Егер тараптар ортақ шешімге келсе, бұл тарихи бетбұрыс болуы мүмкін.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Бүгін Түркия үшін де тарихи жауапкершілік жүктелген күн – бұл ел диалогқа алаң ұсынып, бейбіт бастамаларды қолдауда. Ыстамбұлдағы кездесу – бүкіл әлем үшін тұрақтылыққа бастайтын шешуші кезеңге айналуы мүмкін. Біз оқиғаның өрбуін бақылауда ұстайтын боламыз.
Авторы: Меруерт Қанағат