Ресей мен Украина келіссөздері 16 мамырда өтуі мүмкін
Ресей мен Украина делегацияларының келіссөздері 16 мамырда өтуі мүмкін.
Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлайды. Негізі әуелде басқосу бүгінге Астана уақытымен күндізгі 12:00-ге жоспарланған еді. Бірақ кейінге шегерілді. Анкараға ұшып келе салысымен Владимир Зеленский Ресей делегациясына көңілі толмайтынын бірден айтқан. Ол түрік басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен кездесу өткізіп, басқосудан кейін Анкарада баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Ыстамбұлда өтетін келіссөздерге Украина делегациясын жібергенін айтты. Қатысушылар тек Ресей ғана емес, АҚШ өкілдерімен де кездесетінін жеткізді.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Түркия президентімен ертең таңертең кездесіп, Албания астанасы Тиранадағы Еуропалық саяси қауымдастық саммитіне қатысамыз. Бұл басқосу туралы алдын ала келісіп қойғанбыз. Онда 40-тан аса әлем басшысы болады. Жоспарымыз осындай. Ресей тарабының келіссөздерге немқұрайлы қарайтынын түсіндік. Делегация құрамында нақты шешім қабылдайтын ешкім жоқ. Бірақ тікелей келіссөздерді дәл Ресей жағы ұсынғанын естеріңізге сала кетейін. Соған қарамастан, Дональд Трамп пен Режеп Тайип Ердоғанға құрмет ретінде, сондай-ақ бітімге бірінші қадам жасай отырып, Ыстамбұлға делегациямызды жіберу шешімін қабылдадым. Бірақ бәрін емес. Келіссөздерге Украинаның қауіпсіздік қызметі мен бас штабының басшылары қатыспайды. Делегацияны Қорғаныс министрі бастап барады.
Ал бұған дейін Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей делегациясы таңнан бері Украина тарапын Ыстамбұлда күтіп отырғанын мәлімдеген.
Владимир Мединский, Ресей президентінің көмекшісі:
- Біз бұл келіссөздерді бейбіт бітім процесінің жалғасы деп санаймыз. Өкінішке қарай оны 3 жыл бұрын Украина тарабы бұзған. Біздің делегацияның құрамы президент жарлығымен бекітілген. Қатысушыларымыздың келіссөздер жүргізуге құзыреті бар. Біз ерте ме кеш пе, Украина жағымен шиеленістің бастапқы себептерін жойып, ұзақмерзімді бітім орнатқымыз келеді.