Украина - Ресей келіссөзі жалғасып жатыр
Ыстамбұлда Украина мен Ресей арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешуге бағытталған келіссөздер жүріп жатыр.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Ыстамбұлда өткен Түркия–АҚШ–Украина үшжақты кездесуі аяқталды. АҚШ делегациясының құрамында елдің сыртқы істер министрі Марко Рубио, АҚШ-тың Анкарадағы елшісі Том Барак және президент Дональд Трамптың Украина жөніндегі арнайы өкілі Кит Келлог болды.
Ал Украина делегациясын Президент әкімшілігінің жетекшісі Андрей Ермак, сыртқы істер министрі Андрей Сибиха және қорғаныс министрі Рүстем Умеров бастап келді. Үшжақты кездесу аяқталысымен Түркия–Ресей–Украина форматына көшті. Бұл кездесу әлі жалғасып жатыр. Жиынды ашқан Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фиданның мәлімдемесіне назар аударсақ:
Хакан Фидан, Түркияның Сыртқы істер министрі:
– Барлық тараптың бейбітшілікке шын ниетпен бейілдік танытуы – алда жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отырғаны бізді қуантады. Режеп Тайип Ердоған мен Дональд Трамптың бейбітшілікке шақыру үндеуіне Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің үн қосуы маңызды қадам деп есептейміз.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Әзірге келіссөздердің мазмұнына қатысты ресми мәлімдеме жасалған жоқ. Рейтер агенттігінің дерегінше, екі келіссөз арасында АҚШ пен Ресей өкілдері жеке кездесу өткізген. Қазір Түркия–Украина–Ресей форматындағы келіссөздер жүріп жатыр. Жиын басталған соң, түрік басылымдары Ресей мен Украина арасында жеке екіжақты кездесу өтетіні туралы ақпарат таратты.
Бұл үміт пен күмән қатар өрілген кезең. Осы сәттің маңыздылығы туралы сарапшылар пікірін тыңдап көрелік.
Жихан Гүнел, Ыстамбұл Румели университеті профессоры:
- 2022 жылдың 29 наурызында Украина мен Ресей алғаш рет Ыстамбұлда кездесіп, уақытша болса да атысты тоқтату туралы уағдаласқан еді. Үш жылдан кейін тараптар алғаш рет қайтадан Ыстамбұлда бас қосты. Бұл жолы АҚШ пен Түркияның бір үстел басында отыруы келіссөздерге жаңа серпін беруі мүмкін деген үміт ұялатты. Ең маңыздысы — қақтығысушы тараптардың жүзбе-жүз кездесуі: бұл болашақтағы бейбіт диалогқа жол ашатын алғашқы нақты қадам болуы ықтимал.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Босфор жағалауында өтіп жатқан келіссөздерге алыстан арнайы келгендер де бар. Соның бірі Жапониядан келген буддист монахы. Таңсәріден бері ол қақтығыстың бейбіт жолмен шешілуін тілеп, ғибадат етуде.
Дзюнсей Терасава, жапон будда монахы:
- Бұл аса маңызды кездесу. Мен бейбітшіліктің тезірек оралғанын және бұл қақтығыстың оң шешім тапқанын қалаймын. Әділет, бейбітшілік, адамгершілік жеңіске жетуі тиіс. Біз соған мұқтажбыз.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Қазірше келіссөздердің нәтижесін күтіп отырмыз. Жақсы жаңалықтармен бөлісуге үміттіміз.